RU

Ақтөбеде 12 жастағы жеткіншек өртенген үйден екі қарындасын аман алып шықты

Ақтөбелік 12 жастағы жеткіншек өртеніп жатқан үйден 2 қарындасын аман алып шықты деп хабарлайды aktobetimes басылымына сілтеме жасап NUR.KZ.

Апта басында Ақтөбе қаласының ортасындағы 9 қабатты тұрғын үйде кешкі сағат 21 00 де өрт шыққан. Тілсіз жау алдымен түтіндеп, көпшіліктің көзін байлапты. Жағымсыз иістен шошынған тұрғындар баспалдақ арқылы төменге түсу мүмкін болмағанын айтады. Себебі, ащы түтін жертөледен көтеріліп, кіреберісті басып қалған.

Алғашында пәтер иелері терезелері арқылы төменде орналасқан дәмхананың шатырына түсіп, биік ағаштардың көмегімен сыртқа шыққан. Осы кезде көшеде өткен кейбір тұрғындар көмек көрсетудің орнына төбеде өрмелеген тұрғындарды ұялы телефонына түсіріп, қызықтаған. Артынша «үйден өрт шықты» дегенді естіген соң жол бойында тұрған такси жүргізушілері мен 3-4 жігіт балалардың аман-есен сыртқа шығуына көмектесті дейді тұрғын Әлия.

«8-9 қабатта тұратындарды құтқарушылар арнайы саты арқылы жерге түсірді. Бәрінен бұрын осы өрт кезінде 12 жастағы балақайдың ерлігін айтқым келеді. Ол жанып жатқан баспанадан 2 қарындасын аман-есен алып шықты. Нағыз жігіт», - деді ол.

Қазіргі таңда өрттің шығу себебін анықтау үшін арнайы комиссия жұмыс жасап жатыр. Тілсіз жау сөндірілмеген темекі тұқылынан өршуі мүмкін деген болжам да жоқ емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1020556-aqtobede-12-zhastaghy-zhetkinshek-ortengen.html