RU

Ақтау тұрғыны тоқалымен сыйыспаған әйелінен баласын алып қойды

Алматылық келіншек тоқалмен сыйыспай, баласынан айырылып қалды. Аталған оқиға Алматылық Сарвиноз Фазылова мен Ақтаулық азаматтың арасында болды деп хабарлайды «Время» басылымына сілтеме жасап NUR.KZ.

Бойжеткен алғаш рет Азамат Ғабдуллин есімді азаматпен Алматыда танысып, 1 жылдан соң үйлену тойларын жасаған. Артынша Альимран есімді ұлдары өмірге келеді. Жас отбасы Азаматтың туған жері Ақтауға көшіп келген соң отағасы дінге бет бұрып, ораза тұтып, біртүрлі жігіттермен жиі бас қосуды әдетке айналдырған. Қолы қалт етсе отбасы мүшелеріне Сириядағы соғыс пен дін туралы уағыз айтқан. Осылайша екі жастың арасында жиі кикілжің туындап, алғашқы түсінбеушіліктер басталады.

Сарвиноз төркіне кетіп қалса да, күйеуі артынан келіп қайтуды сұраған. Арада жылдар өтіп, отбасының екінші қыздары өмірге келген. Сарвиноздың сөзінше, шариғатты сылтау еткен күйеуі бір күні жақын туыстарының Кәмила есімді қызын жетектеп келіп, екінші рет үйленетінін айтқан. Жас келін босағаны аттауы сол екен қайын жұрт Сарвинозды сыйлаудан қалған. Біраз уақыт тоқал мен бәйбіше бір шаңырақтың астында тұрады. Алайда, есірген тоқал Сарвиноздың ұлын түртпектеуді қоймаған соң келіншек екі баласын жетектеп Алматыға қайта көшіп кеткен.

1 жылдан соң Сарвионзың үйіне қайын атасы келіп, өзінің қатерлі дертке шалдыққанын айтып, біраз уақыт немересімен бірге болуды жалынып сұрайды. Жаны ашыған келін атасынан қолхат алып баласына уақытша Ақтауға жібереді. Содан бері 1 жыл өтсе де зар илеген ана туған баласын әлі көрмеген. Полицияға шағым түсіргенімен құзырлы орган қызметкерлері аталған жәйтта қылмыстың құрамы жоқ деген жауап қайтарыпты. Ал, заңды түрде ажырасқан кезде судья балалардың тағдырын тұрақты мекен-жайына қарап екіге бөлген. Яғни, ұлды әкесімен бірге Ақтауға қалуға, ал қыз бала шешесімен бірге Алматыда қалады деген шешім шығарған.

Келіншек қайта шағымдану барысында қайын жұртының жаға ұстатар әрекетіне көз жеткізеді. Күйеуінің туыстары сотқа «Сарвиноз Анкарадағы түңгі клубта жұмыс жасайды, балаларға дұрыс қарамайды, қыз баланы екінші күйеуінің шешесі қарап жатыр» деген шағым түсірген. Алайда келіншек бірінші некеден соң тұрмыс құрмай, ата-анасымен бірге тұрып жатыр. Экс-күйеуі туған баласымен әлі күнге дейін жүздестіру былай тұрсын, сөйлесуге рұқсат бермейді екен.

Сарвиноз кеткенімен Азамат Ғабдуллин өз ұстанымымен өмір сүріп, қосымша тағы бір қызға үйленіп, екі әйелімен бір шаңырақтың астында өмір сүріп жатыр. Журналистер екінші тараптың уәжін білу үшін Азаматтың ұялы телефонына бірнеше күн қоңырау шалып, ақыры тілдесе алмады.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1020676-almatylyq-kelinshek-toqalmen-syyyspa.html