RU

Өздерін таратуды сұраған депутаттарға өтемақы төлеу қисынсыз деп аталды

"Мәжілісті ешкім таратқан жоқ, олардың өздері таратқанын қалайды. Сондықтан жұмыссыз қалғаны үшін депутаттарға өтемақы төлеу де қисынсыз". Төменгі палата тараса әрбір мәжілісменге 1 жарым миллионнан өтемақы беріледі деген ақпаратты естіген қарапайым халық пен сарапшылардың пікірі осыған саяды деп хабарлайды 31 арна.

Ал, тура 1 апта бұрын "өз еркімізбен өкілеттілігімізді тоқтатамыз" деген депутаттар бүгін кезекті жалпы отырыстарын өткізіп, елді толғандырған миллиондарға қатысты жауап берді.

Қанша ескертсе де депутаттар ұялы телефондарын өшіруге асықпады. Енді бұлай бас қоспайтындарын білгендей бір-бірімен, келген министрлермен суретке түсіп әлек. Отырыс басталғанда төменгі палата спикері Қабиболла Жақыпов әріптестерін атаулы күнмен құттықтады.

Мерекелік көңіл-күйдегі депутаттар күн тәртібіндегі 5 мәселені айналасы 20 минутта қарап, мақұлдап жіберді. 1 апта бұрынғы тарату туралы бастаманың жауабын естуге асыққан сыңайлы.

Бірқатар сарапшылар, бұл жағдайда мәжілісмендердің ұпайы түгел болады дейді. Өйткені, заңға сәйкес ай сайын 500 мың теңгедей жалақы алып келген депутаттардың жұмыссыз қалғаны үшін, үкімет оларға 1 миллионнан 1 жарым миллион аралығында өтемақы төлеуі керек екен. Алайда, мамандар мұны заңдық тұрғыдан басқа қырынан қарау қажет деп отыр.

"Бүгінгі кезде депутаттар өз-өзін таратуға ұсынып отыр ғой. Сондықтан мұны өз еркімен жұмыстан кетемін деген арызбен сәйкестендіру керек. Солай қабылдау керек жарлықты. Сонда олар ешқандай өтемақы алмау керек", - дейді саясаткер Зәуреш Баталова.

Алайда, депутаттар бұл пікірмен келіспейді. Қарапайым жұмысшымен өздерін салыстыру қисынсыз дейді.

"Мен мысалы "депутат болғым келеді" деп айтсам, мені бірден жұмысқа алса деген ол бір әңгіме. Бірақ ондай нәрсе жоқ қой. Міндетті түрде депутат сайлаудан өтуі керек. Міндетті түрде ол үшін мыңдаған адам дауыс беруі керек. Сол себептен дәл осындай жағдайға келтіруге болмайды ғой деп ойлаймын", - дейді Азат Перуашев.

Азат Перуашев тек өзге әріптестерім өтемақыдан бас тартса ғана қолдауға дайынмын деді. Ал мәжілісменнің өзі айтқан сайлаушылар болса, 107 депутат үшін 100 миллион теңгеден астам қаржының не үшін төленетінін түсіне алмай дал болды.

Мәжіліс тарай ма, жоқ па, бұл туралы шешімнің қашан шығатыны белгісіз. Айта кетерлігі, бүгін 5-ші шақырылым депутаттары үшін тағы бір атаулы күн. Осыдан тура 4 жыл бұрын тарағалы отырған мәжіліс құрамы жұмыстарын бастаған екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1021763-ozderin-taratudy-suraghan-deputattar.html