RU

Мәжіліс сайлауына келетін шетелдік бақылаушыларды қарсы алуға бюджеттен ақша бөлінбейді

Мәжіліс сайлауының әділ өтуін қадағалауға келетін шетелдіктердің билетіне, тамағына, тұруына бюджеттен қаржы бөлінбейтін болды.

Сондықтан тегін жұмысқа келетін бақылаушылар Қазақстанға өз ақшасымен жетуі тиіс деп хабарлайды КТК арнасы.

Алдағы уақытта елімізге әлемнің 20 мемлекетінен жүздеген бақылаушылар келуі қажет. Осы кезде, белсенділігі тым артып шыға келген партиялар құрылтайларын өткізуге қамданып жатыр.

Сайлау қазір тақтан үмітті партиялардың кәдімгідей ұйқысын қашыра бастады. Бүтін бір елдің парламентідегі жайлы орынтаққа таласушылар да бір-бірінен қалыспай амбицияларын көрсетіп жатыр. Барлығының ойы  - қалайда төменгі палатаға өтіп саяси ықпалын жоғалтпау.

Десек те, жеңістен басты үміткер - құрығы ұзын билік партиясы екені сөзссіз. Оның үстіне көшбасшысы президенттің өзі болғандықтан миллиондаған мүшесі бар «Нұр Отанның» биыл да топ жаратынына ешкімнің күдігі жоқ. Тіпті Нұрсұлтан Назарбаев 29-шы қаңтар күні Астанада «Нұр-Отанның» сьезін өткізіп, сайлауалды бағдарламасын жарияламақ. Сонымен қатар елдің күллі саяси элитасы мүше партияның додаға түсетін кандидатарының тізімі бекітіледі.

"Нұр Отаннан" «Ақжол» да қалысар емес. Кәсіпкерлердің мүддесін қорғайтын партия ретінде танылған олар 3-ші ақпанда құрылтайын өткізуге дереу қамданып жатыр. «Бірлік», «Ауыл» партиялары мен коммунистер де, жақтастарының басын қосуға кіріскен. Тек оппозициялық бағытты ұстанған

«Азат» партиясы сайлауға қатысудан бас тартыпты. Ал мәжіліс сайлауының әділ және халықаралық талаптарға сай өтуін ОБСЕ ұйымы мен жүздеген шетелдік бақылаушылар қадағаламақ.

"Талап бойынша, шетелдік бақылаушылар мен халықаралық ұйымдарға Орталық сайлау комиссиясының төрағасы мен Сыртқы Істер министрі ғана шақырту жолдай алады. Жолданып та жатыр. Байқаушылар елімізге келген бойда, сайлау учаскелеріне барып, науқанды толық бақылай алады", - дейді Орталық сайлау комиссиясының мүшесі Татьяна Охлопкова.

Ал Орталық сайлау комиссиясы тұрғындарға маңызды науқанға селқос қарамауына сұрап отыр. Сондықтан 4-ші наурызға дейін тұрғылықты мекен-жайы бойынша тіркелген учаскесіне барып, тізімде бар-жоғын анықтап алуға кеңес береді.

Ал еліміздің Жоғарғы соты мәжіліс пен жергілікті мәслихат  депутаттарының сайлауы кезінде, тұрғындардың шағымын жыдам қарауға уәде етіп отыр. Бас судья Қайрат Мәми кез-келген дауды әділ шешуге пәрмен берді. Осылайша, Есілдің сол жағалауындағы саяси тартыс біртіндеп қарқын ала бастады. Сондықтан белсенділігі тым артып шыға келген партиялар аламан додада топ жару үшін аянып қалмақ емес.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1022373-mazhilis-saylauyna-keletin-sheteldik-b.html