RU

Алматыда доллармен бірге енді балабақшалардың ақысы көтерілуде

 Доллармен бірге енді мектепке дейінгі мекемелердің де ақысы көтерілді деп хабарлайды КТК арнасы.

Шетел валютасы секілді екі есеге қымбаттап шыға келген баға, әсіресе, көпбалалы ата-аналардың қалтасына ауыр тиіп тұр. Бұрын бір үйден екі-үшеуден бақшаға барып жүрген балалар енді ақы көтерілгелі құрдастарынан қол үзіп үйде отыр.

Мәриям мен Батырханн бір аптадан бері балабақшаға бармай жүр. Оған төлемақының өскені себеп.

Ал баға бірден екі есеге өскен. Бұған дейін бір бүлдіршінге 8 мың теңге төлеп келген отбасы, бұл айдан бастап екеуіне 34 мың теңге төлеуі тиіс. Қымбатшылықтың себебін әкімдік тамақтың бағасымен түсіндірген.

"Біз аңқау емеспіз! Біздің де көзіміз бар. Базарға да, дүкенге де барып жүрміз, нанның бағасын көріп жүрміз, еттің де бағасын көріп жүрміз. Картоп, басқа да азық-түліктер екі есеге қымбаттаған жоқ! Сондықтан, біз бұндай шешіммен келіспейміз", - дейді Астана қаласының тұрғыны Махамбет Әбжан.

Яғни, астаналық балалардың бір күндік жейтін асы 300 теңгеден 765 теңгеге бір-ақ көтеріліпті. Ал Алматыда баға девальвацияға дейін-ақ арзан болған емес. Еліміз бойынша ең қымбат балабақша осы оңтүстік асатанада екен. Жергілікті билік оны да тағы өсіргелі жатыр.

"Қаңтар, ақпанда көтеріледі деген жоқ. Наурызда енді біз білмейміз қалай болады ол жағын әлі шешілген жоқ деді  аудандық білім бөлімінің басшысы. Әлі жоғары жақта қарастырылады", -  дейді Алматы қаласы білім бөлімінің бас маманы Ақнұр Нұрәлиева.

Әкім әлі қаулы шығармағанымен, тәрбиешілер ата-аналарға естіртіп, қымбатшылыққа алдын ала дайындап қойған.

Кейбір балабақшадағы төлемақы 28 700 теңгеден 40 мың теңгеге дейін өспек. Жүз мыңнан асып жығылатын ақша аналарында жоқ. Сөйтсек бұл тек бастамасы ғана екен. Көктемде төлемақы тағы көтерілетін көрінеді.

"Ол бір күнде көтерілген баға емес. Наурыз  айында да тағы бағалар көтеріледі", - дейді балабақша меңгерушісі Гүлмира Ілиясова.

Төлемақыны көтеру арқылы шығынын түгендегендер ата-аналар келіспеген де. Ол тұрмақ, көптен бері көпбалалы отбасыларға жеңілдік те қарастырылмай келеді. Тіпті, 4 баласы бірдей балабақша қабырғасында жүрген отбасыларға да бірде бір рет көк тиын көмек көрсетілмепті. Балаларға деген мұндай немқұрайлықтан соң девальвацияға емес, ел демографияға көбірек алаңдау керек сияқты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1022569-almatyda-dollarmen-birge-endi-balaba.html