RU

Екібастұзда 5 жастағы бүлдіршін қатерлі ісіктің сирек кездесетін түріне шалдыққан

Екібастұз қаласының тұрғыны Әсем Ахметжановаға шұғыл көмек қажет. 5 жасар бүлдіршінге әлемде өте сирек кездесетін бүйректің қатерлі ісігі деген диагноз қойылыпты.

Бұл туралы 24 арна хабарлайды.

Оның үстіне аурудың бұл түрі елімізде емделмейтін көрінеді. Ал шетелдік мамандар операция жасау қажеттігін айтып отыр. Ол үшін 500 мың доллар керек екен. Кішкентай қыздың жақындарында мұндай қаражат жоқ.

Әсем Ахметжанова есімді бүлдіршіннің суреті бірнеше апта бұрын әлеуметтік желі қолданушылардың жағасын ұстатты. Өткен жылдың соңында бүлдіршіннің балғын балалық шағы аяқталды. Яғни дәрігерлер қатерлі ісіктің сирек кездесетін түрін анықтаған. Қазір оның шетелде қабылдап жатқан емі үшін 200-ден 500 мың долларға жуық қаражат қажет.

Әсемнің ата-анасы соңғы үмітін қайырымды жандарға артып отыр. Қатерлі ісік анықталғаннан кейін Әсем Қазақстанда химиялық терапия курсынан өтті. Кейін операция барысында ісігі мен бір бүйрегі алып тасталды. Бірақ нәтижеге көңілі толмаған Ахметжановтар отбасы Мәскеу қаласында қызын тағы бір тексерістен өткізіп, бүйрек безінің қатерлі ісігі деген диагнозды естіді. Алайда бұл қорытынды расталмады. Шындық одан да ащы болды.

"Өкінішке қарай қатерлі ісікті тоқтата алмай жатырмыз. Ол қарындасымның өкпесіне таралып жатыр. Бірнеше елдің дәрігерлері Әсемді емдеуден бас тартты. Тек Сеул қаласындағы «Северанс» ауруханасы ғана баланы қабылдауға келісім берді", - дейді  Әсем Ахметжанованың ағасы Төлеген Ахметжанов.

Ахметжановтар отбасы мемлекеттен шетелде ем қабылдауға квота сұрап, Павлодар облысының денсаулық сақтау басқармасына өтініш жазды. Қазір олар еліміздің бас онкогематологының жауабын күтіп отыр. Дәулет пен Людмила Ахметжановтар қайырымдылық қорына да хабарласқан болатын. Баланың құжаттары комиссия қарауында. Сондықтан әзірге мейірімді жандардан жәрдем сұраудан басқа амал жоқ.

"5 қаңтар күні біз Сеул қаласына ұшып кеттік. 15 күн ішінде біз толық тексерістен өттік. Нәтижесінде жергілікті дәрігерлер қызыма нефробластома, яғни бүйректің қатерлі ісігі деген диагноз қойды. Барлық қазақстандықтарды біздің отбасыға жәрдем беруді сұраймын. Тиісті мемлекеттік органдардан бүлдіршінімізге квота бөлуді өтінемін", - дейді  Әсем Ахметжанованың әкесі Дәулет Ахметжанов.

Әсемнің Сеул қаласындағы «Северанс» ауруханасында қанша уақыт емделетіні әлі белгісіз. Ақ халатты абзал жандар ем-домның бірнеше түрін ұсынып отыр. Қазір бүлдіршін апта сайын химиялық терапиядан өтеді. Алайда қажетті қаражат жиналмаса, емделуді тоқтатуға тура келеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1023519-ekibastuzda-5-zhastaghy-buldirshin-qater.html