RU

Қарағандыда ұстазының айқайына шыдамаған оқушы терезеден секіріп кетті

Қарағандыда 7-ші сынып оқушысы дәл сабақ үстінде мектептің үшінші қабатындағы сынып терезесінен секіріп кетті деп хабарлайды КТК арнасы.

Аяқ-қолы жараланып, басынан ауыр соққы алған оқушының ата-анасы бұған мұғалімдерді кінәлады. Айтуларынша, сол күні оған ұстаздары ұрысқан. Бұзақылығына байланысты арнайы есепте тұрған бала ескерту алған көрінеді. Қазір ата-ана мен мұғалімдерден құзырлы органдар жауап алып жатыр.

Оқиға қаладағы № 63 мектепте болған. Көргендердің айтуынша, осының сәл алдында 13 жастағы Георгий Асадчиді сынып жетекшісі мен директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары жер-жебіріне жетіп ұрысыпты. Тарих сабағының ортасында оқушы терезені ашып, мұғалім жанұшыра жеткенше секіріп кеткен. Салдарынан баланың екі өкшесі мен бел омыртқасы шытынаған. Анасы енді бұған мұғалімдерді кінәлауда.

"Тәрбие ісі жөніндегі орынбасардың кабинетіне кіргізіп алып айғайлаған. Жасаған бұзақылықтарың үшін ең кемі басқа сыныпқа ауыстырыласың, болмаса, колонияға жібереміз деп зекіпті. Балаға дауыс көтеруге олардың қандай қақысы бар?", - дейді  Георгий Асадчидің  анасы Нина Асадчи.

Ал ұстаздарының айтуынша, ол үнемі сыныптағы қыз балаларға қырғидай тиіп, ұрлық жасаған кездері де болған. Сондықтан мектепішілік есепке және псхологтың қадағалауына алынған. Ұлдары тәртіп бұзғанда апта құрғатпай мектепке келетін ата-анасы да мұны білетін болып шықты.

"Баланың мұндай қадамға баруына бәріміз де жауаптымыз. Терезенің бектілімегені біздің кінә. Бірақ оның намысына тиетін сөздер айтты деп айыптау артық. Бұзақылық жасаған сайын сіздерді шақыртамыз. Тәрбиелейміз деп ант-су ішесіздер, бірақ тағы қайталанады. Осы жолы 5 оқушының ата-аналары арыз түсіргені рас, оны өздеріңізге де айттық", -деді №63 мектеп директоры Клара Әлжанова.

Бірақ ашуға мінген анасы мен өгей әкесі балаға тәрбие бере алмаған, жөнге сала алмаған мұғалімдер ғана кінәлі дейді. Сондықтан адамды өзіне қол салуға итермеледі деген бап бойынша қылмыстық іс қозғалуын талап етіп отыр.

Қырық кісі бір жақ, қыңыр кісі бір жақта өзінің шындығын айтып жатқанда, іске прокуратура да кірісті. Кешелі бері құзырлы орган ғимаратында Георгий Асадчиге қатысы бар мүғалімнің бәрінен жауап алынуда. Сонымен қатар, білім басқармасының да ішкі тексерісі басталып, кінәраты бар ұстазды тапсақ оңдырмаймыз деп отыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1024650-qaraghandyda-ustazynynh-ayqayyna-shyda.html