RU

Алматы әкімі орынбасарының інісі серіктесімен бизнесін бөлісе алмай жүр

«ТрансСервис» серіктестігіне тиесілі автопарк құрылтайшыларының текетіресінен бірден 6 бағыттағы қоғамдық көліктің жұмысы жарты күнге тоқтады деп хабарлайды КТК арнасы.

Жүргізушілер жолаушы тасудың орнына басшылардың таласына қарап, ертеңгі күнін ойлауда. Себебі, осыған дейін серіктес болып келген қос азамат бір-бірін айыптап, атқарылған жұмысқа көңілі толмай қалыпты.

Қақпа алдында бөгеліп қалғандардың ішінде автобус жүргізушілері ғана емес, осы автопарктың құрылтайшысы да бар. Кезінде қос азамат бизнесті бірге ашып, жолаушылар тасымалымен айналысса, енді серіктес болса да ішке кіруі қиын. Басшылық арасындағы осы ұрыс-керіс кесірінен бірден 6 бағыт бойынша жолаушы тасымалдайтын қызметкерлердің жартысы жұмысқа шықпай қойды.

"Автобустар жұмысқа шықпай қалды, ертен де шықпай қалуы мүмкін. Өйткені автобустың жүруі үшін солярка керек, басқа да қосымша шығындар керек. Оның барлығы бүгінге тоқтап тұр", - дейді «ТрансСервис» ЖШС бұрынғы директорының орынбасары Садық Қамзанов.

Құрылтайшылардың бірі Қайрат Оспанов деген осы азамат. Алматы әкімінің бірінші орынбасары Болат Сауранбаевтың інісі. Кезінде аудан прокуроры болған ол 7 жыл сотталып та шыққан екен. Заңды бүге-шігесіне дейін білетін сол Оспанов серіктесінің 117 миллион теңгені жымқырғанын анықтапты. Енді оның адалдығына сенбейді.

"Заңда көрсетілген тәртіп бойынша 2005 жылдан бері бірде-бір жиналыс өткізілмеді. Яғни, қаржының қайда кетіп жатқаны жайлы есеп жоқ. Сот бойынша аудит жүргізіп, миллиондаған теңгенің қолды болғанын дәлелдедім. Сенімнен шықпаған адамның басшы болғаны дұрыс емес", - дейді «ТрансСервис» құрылтайшысы Қайрат Оспанов.

Бұл жәйтке басынан дауы арылмаған «Оңай» төлем жүйесінің де қатысы бар екен. Жаңа директор енді мекеменің табысы анық көрсетіліп, «қара бухгалтерия» дегенді ұмытатын кез келді дейді.

«Оңай» жүйесі енгізілген кезде жалақы уақытында беріліп, салық толық көлемде төленіп тұрады. Осы күнге дейін жұмыс істеген жүйеде қаржының қайда кететіні көрсетілмеген. Салыстырмалы түрде «Оңай» іске қосылған соң, төлемдер көлемі арта түсіпті. Бұл есеп-қисаптың бұрын дұрыс жасалмағанын көрсетеді", - дейді «ТрансСервис» ЖШС директоры Александр Баженов.

Осыдан екі жыл бұрын басталып, енді ушыға түскен мәселе шешімін тапқанша ұзақ уақыт өтетіні анық. Сот шешімі күшіне енгенше кеңседегі құжаттарды да, дүние-мүлікті де өткізбеймін деген басшылардың бірі қысым көрсетілген жағдайда жүзден астам автобус рейске шықпайтынын айтты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1025426-almaty-akimininh-orynbasarynynh-inisi.html