RU

Жәмилә Серкебаева күйеуінің опасыздығы туралы айтты

Еліміздің танымал тұлғасы скрипкашы Жәмилә Серкебаева өмірінің қиын кезеңдерін еске ала отырып, күйеуімен неге ажырасып кеткендігін баяндады, деп жазады NUR.KZ Pandaland.kz-ке сілтеме жасап.

Балалық шағы алаңсыз өткен Жәмилә Серкебаева есейген шақта отбасылық өмірдің тауқыметін тартқанын жасырмайды. Өзге ұлтты жігіттің етегінен ұстаған скрипкашы бойжеткен бір кездері Франция мен Қазақстанның арасында сабылуына тура келген. Бұған Жәмиләнің Отанын сағынуы, ата-анасын жиі көргісі келгені себеп болған.

Күйеуінің қызметіне байланысты әр елге қоныс аударуы да Серкебаеваны едәуір күйзеліске түсірген. Екеуінің арасындағы ұл да Жәмиләнің отбасын сақтап қалуға араша болмағанын Серкебаева күрсініспен еске алады.

Жәмилә Серкебаеваның екінші некесі де ұзаққа созылмады. Қазақстандық белгілі тұлғаға тұрмысқа шыққан скрипкашы бұл жолы 10 жылға жуық отасқанын баяндады.

"Ғасырлар бойы бұлжымайтын қағидалар бар. Ері мен әйелі бір-бірін құрметтеуі тиіс. Бір-біріне адал болуы тиіс. Дәл осы адалдық бізге жетіспеді. Ерлі-зайыптылардың жай ғана жымиып, дөрекілік танытпай, қол көтермей өмір сүруі сезімді сақтап қалу үшін жеткілікті. Екінші рет шаңырақ көтергенде, шығыс әйелінің көрегенділігін көрсеткім келді. Бірінші неке еуропалық нақышта болса, екіншісі шығыс үлгісінде болды", - деп еске алады Серкебаева.

"Басыма орамал да тақтым, шығыс әйелдері секілді көнбіс те болдым. Отбасымды сақтап қалуға барымды салдым. Үйде жиі дәмді ас әзірлейтінмін. Көбісі мен ақ саусақ, қолынан ештеңе келмейді деп ойлайды. Күйеуіме көп қателігін кешірдім. Бірақ сол 10 жылдың ішінде екеуіміз бір-бірімізге суып кеттік. Одан әрі шыдай берсем, түбі жақсылыққа апармайтынын түсіндім. Опасыздықты кешіру қаншалықты қиын екенін білемін. Бір рет емес, бірнеше рет қайталанса, тіптен ауыр", - деп қынжылды скрипкашы.

Серкебаева қазір сүйікті адамының бар екенін айтып, бірақ болашақты болжамайтынын ескертті. Себебі, скрипкашы ару өткен өмірінен сабақ алып, бүгінде әр адымын аңдап басуға тырысатын көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1025465-zhamila-serkebaeva-kuyeuininh-opasyzd.html