RU

Ақтөбеде қара жамылғандардың көбейіп кетуі облыс әкімі мен архиепископты алаңдатты (фото)

Қара жамылғандар тағдырына алаңдаған Сапарбаев Ақтөбеге мемлекет хатшысын шақыртып, кеңес өткізді деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

Кеше Ақтөбеде өткен Қазақстанның батыс аймағындағы дін өкілдеріне арналған өңіраралық семинарға мемлекеттік хатшы Гүлшара Әбдіхалықованың өзі қатысты. Ол ел ішінде жат ағымның жетегіне еріп, қолына қару ұстап, Сирияға кететіндердің әлі күнге дейін тыйылмай тұрғандығын айтты.

Жиында сөз алған Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний діни сауат ашуды шетелден емес, ел ішінде оқуды, сондай-ақ қара киім киіп жүру қазақ ұлтына тән емес қылық екенін жеткізді. Бұл ой облыс әкімінің де көңілінен шықты.

«Өте дұрыс айтты. Еш уақытта біздің ата-бабамыз қара киген жоқ. Бетін қарамен жапқан жоқ. Бұл қайдан шыққан әдет, қандай үрдіс? Орал және Ақтөбе архиепископы Антоний «біздің ұлт мұндайды кимейді, тек қана сіздердің ұлттарыңыз киеді. Біздің ұлттар дін жөнінде шетелге барып оқымайды» деді. «Сіздерден барып оқып жатыр» дейді. Ол дұрыс қой. Біздің өзіміздің оқу орындарының білімі төмен бе? Он жыл бұрын сондай болған шығар, қазір жағдай басқаша. Сол жағын кішкене ойлануымыз керек. Осында отырған жерлестер нәтиже шығару керек», - деді Бердібек Сапарбаев.

Қазірде Ақтөбе облысында 10 конфессияны біріктіретін 89 діни бірлестік жұмыс істейді. Ал Шалқар, Байғанин, Мұғалжар мен Темір аудандарында өңіраралық орталық құрылды. Бұл аудандар тектен тек таңдалмаған. Мақсат - жат ағамның алдамшы сөзіне сенген адамдарды бақылау, олардың сауатын арттыру үшін мамандар жұмысын күшейту.

Семинардан соң, мемлекеттік хатшы мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде салынған «Айлин» балабақшасын аралап көрді. Мұнда балалардың сапалы білім мен саналы тәрбие алуы үшін бар жағдай жасалған. Бүгінде Ақтөбе қаласының өзінде мемлекеттік-жекеменшік әріптестік жобасы бойынша 33 балабақша жұмыс жасап тұр.

«Назарбаев зияткерлік мектебі» оқушылармен кездескен Гүлшара Әбдіқалықова олардың ғылыми-шығармашылық жұмыстарымен танысты. Дарынды балалармен тілдесіп, әлеуметтік жобаларын көрді.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1026374-aqtobede-qara-zhamylghandardynh-kobeyi.html