RU

Мессидің аты жазылған дорбаны жейде қылып киген балақай Ауғанстаннан табылды (фото)

Лионель Мессидің футболкасына ұқсатып, пластик дорбаны киіп, суретке түскен бала Ауғанстаннан табылды. Бұл туралы BBC-ге сілтеме жасап 24.kz хабарлайды.

Муртаза Ахмади атты жанкүйер елдің шығысындағы Газни провинциясында тұрады екен. Баланың тек арқасынан ғана емес, сондай-ақ алдынан тұрып түсірілген суреттерін іздеу жарияланғаннан кейін оның Австралияда тұратын туысы Азим Ахмади ғаламторға дәлел ретінде шығарыпты.

Осы ретте тілшілер Азим Ахмадимен байланысып, оның жиенімен қалай хабараласуға болатынын біліп алған. Артынша олар Муртазаның әкесі Ариф Ахмадимен байланысқан кезде ауған шаруасы суреттегі баланың расында ұлы екендігін айтқан. Арифтің айтуынша, пластик пакеттен Мессидің футболкасын жасау идеясы оның үлкен ұлы Хумаюнның ойына келген. Хумаюн «футболканы» інісіне кигізіп, суретке түсірген соң Facebook-ке шығарған.

Муртазаның әкесі 5 жасар ұлының футболға деген сүйіспеншілігі арқылы бүкіл әлемге танымал болғандығы үшін өзін «бақытты сезінетінін» де жасырмапты.

Алайда «жұрт назарын өзіне аудартқан суреттегі менмін» деген тағы бір бала Ирактың Күрдістан аймағынан табылды. Оның аты Хомин болып шықты. Тіпті, мұны естіген жергілікті арна тілшілері Хоминнен арнайы сұхбат алу үшін үйіне жетіп барып, оған «Барселонаның» қою қызыл-көк жолақты футболкасын тікелей эфирде сыйлаған. Бірақ, бұл жаңалықты естіген ғаламтордағы қауым Хоминнің тап сол балақай екендігіне зор шүбә келтірді. Олардың желіде жазып қалдырған пікірлеріне сәйкес, «суреттегі Месси жанкүйері мен Хоминнің құлақ пішіндері мүлде ұқсамайды» екен.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1026502-messidinh-aty-zhazylghan-dorbany-zheyde-q.html