RU

Есентаева: "Қазақ аруы" сахнада бикини киіп, көлбеңдеп жүрмеуі тиіс

Баян Есентаева дәстүрлі "Қазақ аруы" байқауының талаптары мен қазір өтіп жатқан іріктеу кезеңінде орын алған жайттарға тоқтала кетті, деп хабарлады Ревью бағдарламасы.

Баян Есентаева арқылы еліміздің шоу-бизнесіне жол тауып, ең сұлу қазақ аруы атануға деген бойжеткендердің құлшынысы тым қарқынды. Бұрымдыларға деген талап та қатаң.

Продюсердің айтуынша, қазақ аруында сұлулық қана басты талап емес. Ұзын бойлы, қолаң шашты, тал бойына келіскен мүсіні мен келбеті бола тұра, тартымдылықтан ада бойжеткендерге мұнда есік жабық.

"Мәселен, Гүлнәз Жоланова керемет сұлу деп айта алмаймыз. Оны мойындау керек. Бірақ, оның баурап алар қасиеті бар", - дейді Есентаева.

Іріктеуге келген сылқымдар талаптарға сай келмейтін бойы мен салмағын, тіпті жасын да жасырып жатады. Алдап соғуға арланбайтындар арасында тұрмысқа шығып, ана атануға әзірленіп жүргендер де кездеседі екен.

"Аяғы ауыр қыздар да келіп жатады, бірақ, біз оларды қабылдай алмаймыз, "Қазақ аруы" - жастық, пәктік, тазалық дегенді білдіреді, күйеуге шыққан қыздар үшін біздің есік жабық. Кейбір арулар 16-ға толғанмын деп алдап келіп жатады, құжаттарын аша қалсаң, 14-ке толмаған", - деді Есентаева.

Қазақ аруының тәжін кигендерге продюсер мансап жасап беруден қашпайтынын да жеткізді. Бірақ оларды халықаралық сұлулық сайыстарына жіберуге үзілді-кесілді қарсылық білдірді.

"Бикини киіп, сахнада жүрген "қазақ аруын" көз алдыңызға елестетіп көріңізші. Мұны қылмысқа теңеуге болады. Сондықтан бұл алаңнан шыққан арулар халықаралық сұлулық сайыстарына қатыса алмайды. Бірақ өзімнің тарапымнан барынша қолдау көрсетуге тырысам. Олар тасада қалып қоймайды", - деп түйіндеді ойын продюсер.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1026622-esentaeva-qazaq-aruy-bikini-kiip-sakhn.html