RU

Шымкентте ішімдікке тойып алып, 4 адамның ажалына себепкер болған бай баласына қатысты сот ісі басталды

Шымкентте ішімдікке тойып алып, 4 адамның ажалына себепкер болған бай баласына қатысты сот ісі басталды. Айыпталушы орындығында, оңтүстіктегі белді кәсіпкер Бауыржан Танкеевтің ұлы Мұрат Танкеев деп хабарлайды КТК арнасы.

Қанды оқиға осыдан екі ай бұрын Шымкенттің орталық көшелерінің бірінде болған. Ішімдікке сылқия тойып, қымбат "Лексус" джипін тізгіндеген 24 жастағы Мұрат Танкеев қарсы бетте келе жатқан "Аудиді" соғып, салдарынан ішіндегі бір әулеттің 4 адамы қаза тапты. Екеуі 6-ға да толмаған бүлдіршіндер.

Ішкі істер департаментіндегі лауазымды ағасы және әкесінің ақшасы арқылы құтылып кетемін деп бай баласының оқиға орнында даңдайсығаны да есте. Ал 27 қаңтарда алғашқы сот отырысы басталмай жатып-ақ жәбірленушілер мен Мұрат Танкеевтің туыстары шекісіп қалды.

Осы іс бойынша мемлекеттік айыптаушы қылмысты кодекстің 345-бабы бойынша айып тағып отыр деп хабарлады Отырар арнасы.

Алғашқы сұрауы кезінде айыпталушы қатты өкінетінін жәбірленушілерге жеткізді. Бірақ әкесінен, ағасынан және екі кішкентайдан айрылған Ғани Дауылбаев ешқандай кешірім бермейтінін бірден айтты.

Екінші отырысы 5 ақпанға белгіленді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1027616-shymkentte-ishimdikke-toyyp-alyp-4-adamn.html