RU

Маңғыстауда өзін видеоға түсірген жүргізушіні сотқа берген полицей ақшадан бас тартты

Маңғыстау облысында өзін бейнежазбаға түсіріп, әлеуметтік желіге салған жүргізушіні сотқа берген жол сақшысы жомарт адам болып шықты.

Сотта ол көлік иесінен талап еткен моральдық шығынды қайырымдылық қорына аударуды сұрады деп хабарлайды КТК арнасы.

Жол-патрульдік полициясының қызметкері Мәулен Әбдуәлиев өзін бейнежазбаға түсірген азаматтан 500 мың теңге, ал оны жарыққа шығарған «ОСА» қоғамдық бірлестігінен 1 миллион теңге талап еткен еді. Сондай-ақ жүргізушіге ғаламтор желісінен бүкіл жазбаларды кетіріп, ақпарат құралдары арқылы кешірім сұрауын міндеттеуді өтінген. Оның бұлай талап қоюына былтыр қыркүйекте болған оқиға себеп.

Полиция сержанты жұмыс кезінде жарығы сөніп келе жатқан көлікті тоқтатады. Ал оның жүргізушісі жарықтың жанып тұрғанын дәлелдемек болып, жол сақшысын бейнежазбаға түсірген. Артынша ол жазба «соқыр және топас жол полициясы» деген тақырыппен әлеуметтік желілерге тарап кетеді.

Мәуленнің өзі «соқыр емеспін, медициналық бақылау көзімнің қырағы екенін көрсеткен» дейді. Негізсіз айыптаудан соң ол тіпті күндіз күлкі, түнде ұйқыдан айырылыпты.

"Содан бері негізсізден негізсіз ұялы телефонмен танымайтын адамдар соғатын болды. Танитын адамдар да соғатын болды. Маған ол керек емес. Ұйқымды шынымен бұзатын жағдайға жетті", - дейді жол-патрульдік полициясының қызметкері Мәулен Абдуалиев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1027655-manhghystauda-ozin-videogha-tusirgen-zhu.html