RU

МС Сайлаубек елбасының саясаты мен сайлауға түсу туралы ойын білдірді

МС Сайлаубектің сайлауға түсуі туралы қауесет әртүрлі қоғамдық  пікір туғызып, ел-жұртты біраз дүрліктірді. Бұған байланысты рэпердің өзі мен продюсері де қандай шешім қабылдағанын жеткізді, деп жазады abai.kz.

"Сайлаубектің атын атасы қоймаған. Кеше Асылан сәл қателесіп кетіпті. Дұрысы Сайлаубек деген атты әкесі таңдаған. Әкесінің досы 1975 жылдың 15 маусымында сайлауға қатысқан екен. Сол сайлаудың құрметіне Сайлаубек деген атты иемденіпті", - дейді Бақытжан Жүнісбеков.

Продюсер МС Сайлаубектің саясатпен байланысы бар екені тегін емес дейді. Оның айтуынша, рэпердің әкесі саясатқа жақын болған екен.

"Әрине, ол кісі өз ауылындағы мектептің директоры болып қызмет еткен. Кейіннен аудандық білім бөлімінде инспектор болған", - деп сөзін нақтылады продюсер.

Ал МС Сайлаубектің өзі бастапқыда депутат болуды ұйғарса да, қазір ол ойынан айнып қалғанын баяндады.

Ешқандай партияның мүшелігіне кірмеген рэпер елбасының саясатын қолдайтынын, соны ескере, түрлі саяси акцияларға қатыспағаны дұрыс екенін жеткізді.

"Кешегі жағдайлар бізге мүмкіншіліктің көп екенін көрсетті.  Шындап кірісетін болсақ, депутаттыққа қол жеткізе аламыз. Өйткені, Қазақстандағы екі адамның бірі Сәкеңді таниды. Саясатпен айналысып жатсақ, бізді халықтың 75 пайызы қолдайды деп сенімді түрде айта аламын", - деп жалғастырды рэпердің сөзін продюсері.

Продюсердің пікірінше, Сайлаубектің танымы күн өткен сайын өсіп келеді. Өнері де шыңдалып жатыр. Мұндай уақытта рэперге саясаттан гөрі өнерімен болғаны, шоу-бизнесте жүргені тиімді көрінеді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1027688-ms-saylaubek-elbasynynh-sayasaty-men-sa.html