RU

Алматы облысында құлаған тікұшақтағы адамдардың барлығы қаза тапты (фото, видео)

Алматы облысында жоғалған тікұшақтың сынықтары табылып, ішінде болған бес адамның барлығы қаза болған деп хабарлады Ішкі істер министрлігі төтенше жағдайлар жөніндегі комитеттің өкілі Руслан Иманқұлов.

Руслан Иманқұловтың ақпарынша бортта болған адамадрдың ешқайсысы тірі қалмаған.

"Тікұшақ сынықтары бүгін таңертең сағат сегіз жарым шамасында облыстың Қапал елді мекені маңынан табылды. Борттың ішінде болған адамдардың барлығы қаза тапты. Қазіргі уақытта тікұшақ апатына байланысты қылмыстық іс қозғалып, жедел-тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Тәулігіне 135 қоңырау түскен сенім телефоны жұмыс істеп тұр", - деп атап өтті Иманқұлов.

Ол сонымен қатар оқиға орнына Ішкі істер министрі, генерал-полковник Қалмұханбет Қасымовтың бұйырығы бойынша, Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко ұшып кеткенін атап өтті.

Бұған дейін Алматы облысында бортында 5 адам бар тікұшақ жоғалып кеткенін ресми түрде ІІМ Төтенше жағдайлар комитетінің өкілі Руслан Иманқұлов хабарлаған еді.

Оның айтуынша, 27 қаңтар күні сағат 17:47-де Алакөл ауданына қарасты Үшарал ауданынан Талдықорғанды бетке алған UP-MD 600-N тікұшағының жолға шыққан. Тікұшақ «Аспан» жеке компаниясына тиесілі. Тікұшақ Үшаралдан Талдықорғандағы облыстық ауруханаға науқас баланы жеткізу үшін ұшқан. Бортта 5 адам ұшқыш, дәрігер, санавиация фельдшері және 2 айлық сәби мен анасы болыпты. Кейін тікұшақпен байланыс үзіліп қалған.

ТЖД-нің мәліметінше бортта: ұшқыш Виталий Кондратюк, врач-гематолог Б. Қайсанова, фельдшер Г. Хамитова, Қарлығаш Әбілқасым және оның 2015 жылы дүниеге келген сәбиі Бағым Әбілқасым болған.

Хабар түскеннен кейін Қазақстан ІІМ-нің бұйырығымен тікұшақты іздеу-құтқару жұмыстары басталып кетті. Ол үшін 432 адам, 73 техника жұмылдырылған. Олар 18 топқа бөлінген. Арнайы штаб Ақын Сара ауылында орналасқан.

Сонымен қатар Алматы облысы ТЖД басшысы Сәбит Битаевтің айтуынша, тікұшақты іздеуге  56 адам және Ұлттық гвардияның әскери бөлімінен құралған іздеу құтқару тобы да қосылған екен.

Құлаған тікұшақты іздеу жұмысын ауа райының қолайсыздығы қиындатып жіберген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1027720-almaty-oblysynda-zhoghalghan-tikushaqty.html