RU

Отандық журналист арналарда қаптап кеткен "вездеход" әртістерге шүйлікті

Отандық журналист Сәкен Сыбанбай көгілдір экраннан түспейтін "вездеход", "фигаро" әртістерге шүйлігіп, телевизияның сауық-сайранға бет бұрғанын "Алматы ақшамы" басылымында сынға алды.

Автордың пікірінше, теле­ар­­налар­дағы толассыз той-думан көрерменнің көңілін көтеріп, жанын рахатқа бөлеп жатыр дей қою қиын. Арнадан-арнаға ауы­сып, көшіп жүрген көп әнші, нөпір күлдіргіш қауым қайта жұртты әбден жалықтыра баста­ғандай.

"Қай телеарнаға ауыс­тырсақ та – көк көйлегі көлбеңдеп, белі бұраң­даған сол оншақты «жұлдыз», аты-жөні ар­қылы айырмаса, түрінен де, дау­сынан да, әнінен де кім екенін білу қиын топтар (триолар, квартеттер), былтырғы қалжыңын биыл қайталап, ана студиядан мына павильонға безектеп жүрген әзілкештер", - дейді журналист.

Ондай мерекелік бағдарламаларға, концерттерге, сықақ кештеріне әншілерді қандай кри­терийлер бойынша таңдап-талғап шақыра­тыны белгісіз, бірақ, қай арна­ның да эфирінен түс­пейтін «вездеходтар» мен «фигаро­лар» жетіп-артылады екен.

Сахнаның киесін ұғатын, қасиетін білетін, бірер күндік әләулайдың әсеріне елтімей, асқақ өнерге адалдығын сақтауға тырысып жүрген жақсы әншілер жыл сайын назардан тыс қалып жатады. Тек мерекелік түсі­рілімдер ғана емес-ау, олар жалпы теледидарға көп шақырыла бермейтін секілді.

Автор «Хабар» арнасындағы «Бенефис-шоудың» кемшіліктерін жіліктеп бөліп береді.

"Кемсіткендік, көпсінгендік емес, Алмас Кішкенбаевтың, Заттыбек Көпбосыновтың, Мөлдір Әуел­беко­ваның және тағы басқалар­дың қазақ өнеріне қандай еңбегі сіңіп үлгеріпті?", - деп шамданады Сәкен Сыбанбай.

"Бенефис жасай­тындай деңгейге жетісіп қалып па? Рас, оларды бағдарлама ав­тор­лары шақырды, ұсыныс айтты, бірақ, өз мүмкіндігін білетін, өнерге адал, сахнаның киесінен қаймығатын адам «мен осындай қошемет-қолпашқа лайықпын ба?» деп бір сәт ойлануға, өзіне-өзі есеп беруге тиісті емес пе? «Бенефис-шоудың» ұйым­дас­тыру­­шылары да: «Кім көрінгенді шақыра бастаған жоқпыз ба осы?» – деп ойлан­байды екен тіпті. Шақырса, өнердің басқа салаларында да мықтылар аз емес қой. Әлде бенефис деген тек әншіге «байланып» қалған ұғым ба?..", - дейді автор.

Журналист мақаласында «Қазақстан дауысы» жобасына да тоқтала кетеді. Автор бұрын балалар «инженер боламыз», «заңгер боламыз», «ғарышкер боламыз» деп армандаса, қазіргі жеткін­шектер «а» деп тілі шыққаннан әнші болуға ұмтылатынын жазады.

"Бұл күнде ең абыройлы да ақшалы қызмет – әншілік, бүгінгі заманның басты қаһармандары – эстрада әнші­лері. Даусың жоқ па – компьютер бар, түр-келбетің келіспей ме – визажист бар, «ң»-ға тілің келмейді, «ш»-ны «с» ғып айтасың ба – ештеңе етпейді, «ондай-ондай ханның қызында да болады», қазір ол дыбыстарды тележурналис­тердің өздері жетістіріп жүрген жоқ. Бастысы, ұмтылыс бар, ақша бар – тек қана алға!, - дейді журналист.

Сәкен Сыбанбай "Қазақстан дауысындағы" тәлімгерлерге көңілі толмайтынын айта келе, олардың өзіне тәлімгер керектігін ескертеді.

"Қайта Мәдина Сәдуақасова, Алмас Кішкенбаев, Нұрлан Албан, Рүстем Нұржігіттердің өздеріне бір-бір тәлімгер керек емес пе? «Шіркін-ай, бұлардың орнында Роза Рымбаева, Рамазан Стамғазиев, Мейрамбек Беспаев, Жұбаныш Жексенұлы немесе осылар деңгейлес дүлдүл әншілер отырса қандай ғажап болар еді!» деген ойға қаласыз", - деп күрсінеді автор.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1027896-otandyq-zhurnalist-arnalarda-qaptap-k.html