RU

Алматы облысындағы тікұшақ апатынан қаза болған азаматтарға қатысты жаңа деректер шықты

Алматы облысындағы тікұшақ апатынан қаза болған азаматтарға қатысты деректер шыға бастады. Борттағы екі айлық сәбиге гемотолог-дәрігердің көмегі қажет болған деп хабарлайды 24kz. арнасына сілтеме жасап NUR.KZ.

Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұрлан Ақылбековтың айтуынша, облыстық аурухананың гемотологы бүлдіршінді тексеру үшін арнайы Талдықорғаннан келген. Онымен бірге бортта санитарлық фельдшер болған.

"Бала кішкентай, жаңа туған сәби десек те болады. Ауруханаға дереу жеткізілуі тиіс еді. Оған жедел жоғары деңгейде көмек көрсетілуі қажет болды. Сырқаттың нақты себебін анықтау үшін Талдықорғандағы облыстық балалар емханасының гемотология бөліміне жіберілді", - дейді Республикалық санитарлық авиация орталығының директоры Нұрлан Ақылбеков.

Сондай-ақ оқиға орнына барған 24 kz арнасының тілшісі болған оқиға жайлы хабардар етті.

"Біз қазір тікұшақ құлаған жерде тұрмыз. Тікұшақтың шашылған сынықтарын алыстан ғана көруге мүмкіндік бар. Оқиға орыны қоршауға алынған. Жақындауға рұқсат жоқ. Бейнетаспаға түсіруге де рұқсат етілмейді. Қазір тергеу амалдары басталып кетті. Төтенше жағдай болған жерге қар шанасымен ғана жетуге болады. Төтенше жағдай Қапалға баратын жолдың бұрылысынан 3 шақырым жерде болған. Бұл – шамамен облыс орталығынан 40 шақырым жер. Мамандар сұхбат беруден әзірге бас тартуда. Белгілі болғаны тікұшақта болған 5 адамның барлығы қаза болған. Әзірге оқиға орнындағы соңғы ақпарат осындай", - деп хабарлады 24 kz тілшісі.

Еске сала кетсек, тікұшақ сынықтары бүгін таңертең сағат сегіз жарым шамасында облыстың Қапал елді мекені маңынан табылды. Борттың ішінде болған адамдардың барлығы қаза тапты.

Бортта: ұшқыш Виталий Кондратюк, врач-гематолог Б. Қайсанова, фельдшер Г. Хамитова, Қарлығаш Әбілқасым және оның 2015 жылы дүниеге келген сәбиі Бағым Әбілқасым болған.

ТЖД-нің мәліметінше, 27 қаңтар күні сағат 17:47-де Алакөл ауданына қарасты Үшарал ауданынан Талдықорғанды бетке алған UP-MD 600-N тікұшағының жолға шыққан. Тікұшақ «Аспан» жеке компаниясына тиесілі. Тікұшақ Үшаралдан Талдықорғандағы облыстық ауруханаға науқас баланы жеткізу үшін ұшқан. Бортта 5 адам ұшқыш, дәрігер, санавиация фельдшері және 2 айлық сәби мен анасы болыпты. Кейін тікұшақпен байланыс үзіліп қалған.

Апатқа байланысты қылмыстық іс қозғалды. Оқиға орнына Ішкі істер министрінің орынбасары Владимир Божко арнайы ұшып шықты.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1027996-almaty-oblysyndaghy-tikushaq-apatynan.html