RU

Ресейлік сарапшы: Ресей НАТО-мен соғысса, екі айда қирап қалады

Ресейдің әскери сарапшысы және бұрынғы кадрлық офицер Владимир Бекиш Ресей НАТО-мен соғысар болса, екі айға да шыдас бере алмайтынын айтты.

Бұл туралы Postimees ақпарына сүйенген ras.kz хабарлады.

«Ресейдің армиясы мықты, бірақ қару-жарақтары ескірген. Оның Сирия жанжалына кірісіп кетуінің бір себебі де осы болды. Сирия Ресейге қазіргі қаруларының қаншалықты тиімділігі бар екенін сынап көру үшін керемет полигон болып отыр», – деді Бекиш.

«Грузия соғысы естеріңізде ме? Ресей армиясы сонда өзін өте нашар жағынан көрсетті ғой», – деді сарапшы бұдан әрі.

Владимир Бекиштің пайымдауынша, Ресей президенті Владимир Путиннің армияны бұдан әрі күшейте түсуге қатты көңіл бөлуі де осы сабақтардан кейін туған. Қазір елде армияны қайта қаруландыру бағытында күшті жұмыстар жүріп жатыр. Бірақ мұның толық қалпында жүзеге асыру өте қиынға соғады. Себебі, Ресей батыс елдерінің санкциялары салдарынан техникалық жарақтандыру жағынан әбден артта қалған.

«Соғыс бола қалған жағдайда от пен оқтың астында Ресейдің жақын көршілері қалады. Бірақ ол ұзаққа созылмайды, – деді сарапшы эстонның Postimees газетіне берген сұхбатында. – Ресейдің бір деңгейде ұзақ соғыс жүргізуге қауқары жоқ. Оның ресурсы тез таусылады. Армия негізінен әскерге шақырылғандар қатарынан құралған, кәсіби әскерлер жоқтың қасы. Ал кезегімен келтірілген жауынгерлерде тәжірибе жоқ. Ресей мұнда авиацияға салмақ салар еді. Осы арқылы дұшпанның аэродромдарын, инфрақұрылымын жойып, байланыс жүйесін қатардан шығаруға тырысады. Алайда, Сирия жанжалы қанатты ракеталар мен авиациялық бомбалардың жұмыс жасамайтынын көрсетті», - дейді ол.

Сарапшы сонымен бірге, қазір қанатты ракеталар шығаратын зауыттардағы жұмыстар үш ауысым бойынша қызу жүріп жатқанын ауызға алды. Бұл ескі қаруларларды жаңартау үшін жасалуда екен.

«Егер НАТО-мен соғыс бола қалса, Ресей 1,5-2 айда қирап қалады. Оның қоры мықтағанда сонша уақытқа ғана жетеді», – деді ол.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1028056-reseylik-sarapshy-resey-nato-men-soghys.html