RU

Доңыз тұмауы Қазақстанда да өршіп кетуі мүмкін

Ресейде өршіген доңыз тұмауы елімізде жаппай таралуы мүмкін. Осыны ескерген мамандар бұдан былай шетелден Қазақстанға келетін азаматтарды қатаң түрде тексеруды қолға алған деп хабарлайды Алматы арнасы.

Бүгінде еліміздің әуежай мен темір жол вокзалдарында бас-аяғы 22 санитарлы-карантиндік пункт ашылған. Оның 14-і әуежайға, 6-уы шойын жолға орнатылыпты.

Елімізге алыс және жақын шетелден келетін қонақтарды тек кеден мен шекарашылардан бөлек, енді эпидемиолог мамандар да тексеруде. Өйткені Украина мен Ресейден және Армениядан Қазақстанға қатынайтын жолаушылар көп. Доңыз тұмауынан тек Ресейдің өзінде 70-тен астам адам қайтыс болған. Ал, Қазақстанда доңыз тұмауына шалдыққан 200-ге жуық науқас тіркеліпті.

Тіпті, Алматы облысында доңыз тұмауынан бір адам көз жұмды. Айта кетейік, осыған дейін Алматыда доңыз тұмауына шалдыққан 10 адам белгілі болған. Қазіргі таңда науқастардың жағдайы жақсы деп отыр дәрігерлер. Әуежайда әзірге доңыз тұмауының белгілері бар азаматтар анықталмапты.

"Әуежайда санитарлы-карантиндік пунктер күндіз-түні жұмыс істейді. Бұл жолаушылардың қауіпсіздігі мен денсаулығы үшін жасалған сақтық шаралары. Адамдардың дене қызуын тексеретін арнайы құрылғылар да бар. Қазір Алматы әуежайында доңыз тұмауын жұқтырғандар анықталмады", - деді Алматы әуежайының даму және экономика вице-президенті Серік Мықтыбаев.

Сақтық шаралары мақсатында әуежай қызметкерлері де алдын-ала екпе алған. Алматыдағы әуежайда халықаралық рейстер арнайы құрылғымен жіті тексерілуде. Арасында дене қызуы көтерілгендері болса, бірден дәрігерлердің қолына тапсырмақ.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1028657-donhyz-tumauyna-baylanysty-eldegi-aue.html