RU

Ақтөбеде аяғы ауыр келіншекті зорлаған таксист сот алдына келді

Ақтөбеде 29 қаңтар күні өз клиенттерін зорлаған таксистің соты жалғасуы тиіс. Тергеу оны 16 жастағы қыз бала мен 22 жастағы жүкті әйелге жыныстық зорлық көрсетті деп айыптап отыр.

Бұл туралы Керек-инфо хабарлайды.

Өз клиенттерін зорлады деп айыпталып отырған такси жүргізушісінің жасы 37-де. Айыпталушы Қарғалы ауданының тумасы. Бұрын сотталмаған. Бойдақ. Тергеу оны Қылмыстық Кодекстің төрт бірдей бабы бойынша айыптап отыр. Өйткені, таксист кәмілетке толмаған қызды зорлағанымен қоймай, аяғы ауыр келіншекке де зорлық көрсеткен, кісі өлтіруге әрекет етіп, өз клиенттерін тонаған.

Полициядағы сенімді ақпарат көзінің мәліметінше, таксист жігітке арасына 10 тәулік салып, екі мәрте зорлық жасады деген айып тағылып отыр. Оның алғашқы құрбаны - 16 жастағы қыз бала. Артынша ол 22 жастағы жүкті келіншекті зорлаған. Тергеу айыпталушының ешқандай фирмаға тіркелместен, өз бетінше жолаушы тасымалдағанын анықтады.

Ақтөбе облыстық прокуратурасындағы басқарманың аға прокуроры Индира Сейітқасымованың сөзіне қарағанда, 2015 жылы облыс аумағында жасөспірімдер 33 рет жыныстық зорлық көрген.

"Былтыр бес адам жасөспірімдерге қатысты аса ауыр қылмыс жасағаны үшін сотталды. Осы бес жағдайдың барлығында жасөспірімдердің жақын адамдары: ағалары, өгей әкелері, туыстары зорлық қылған", - дейді Индира Сейітқасымова.

Осыдан соң прокуратура ата-аналар мен мұғалімдер үшін нұсқау хат жасап шығарған. Мамандар өз тәжірбиелеріне сүйене отыра әзірлеген нұсқау хат бойын-ша зорлық көрген баланың мінез-құлқындағы өзгерістерді дер кезінде аңғару қиын емес. Және бұл нұсқау хат жуырда мерзімді басылымдарда жариялануы тиіс.

Мамандардың мәліметінше, соңғы жылдары Қазақстанда балаларға қатысты зорлық-зомбылық түрлері күрт көбейіп кеткен. Сарапшылар мұның себеп-салдарын тарихтан іздеуге кеңес береді. Яғни, елде дағдарыс болған тоқсаныншы жылдары әлеуметтік проблемалар көбейіп, тұрақсыздыққа ықпал еткен.

Бұл жағдай сол кездегі жасөспірімдердің психикасына әсер етпей қоймады. Сол жасөспірімдер қазір әлсіз адамдарға ғана күш көрсете алатын ересекке айналды. Балаларға, өздерінен әлсіз әйелдерге зорлық көрсететін де солар.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1028665-aqtobede-ayaghy-auyr-kelinshekti-zorlagh.html