RU
Анасы Сирияға кетпек болған 9 айлық сәби жетімдер үйіне түсті (фото)
Жаңалықтар Қоғам

Анасы Сирияға кетпек болған 9 айлық сәби жетімдер үйіне түсті (фото)

Рассказать Вконтакте

Шешесі "Сирияға кетпек болған" қыз бала Ақтөбедегі  "Үміт" сәбилер үйіне түсті. Бұл жөнінде Керек. info тілшісіне сенімді ақпарат көзі хабарлаған.

Анасы Сирияға кетпек болған 9 айлық сәби жетімдер үйіне түсті (фото)

Тоғыз айлық Хатидже есімді сәби қазір "Үміт" сәбилер үйінде. Бала бұл жерге өткен жылдың соңында жеткізілген.

"Хатидже Саламатқызы 2015 жылғы 21 сәуір күні туған. "Үміт" сәбилер үйіне 21 желтоқсан күні кешкі сағат 8-дер шамасында Елек полиция бөлімінің қызметкері әкелді. Акт толтырып, тастанды бала ретінде тіркедік. Сәбидің өзімен бірге қызғылт түсті сөмкесі мен туу туралы куәлігінің көшірмесі болды. Қазір жағдайы жақсы. Әке-шешесі табылып жатса, кез-келген уақытта алып кетуіне болады", - дейді бөлім меңгерушісі Гүлнәр Төлебаева.

Сенімді ақпарат көзінің хабарлауынша, тастанды сәби – Кеңқияқ ауылының тумасы. Бірақ "Үміт" сәбилер үйінің дәрігерлері баланың әке-шешесі мен туған жерін айтудан бас тартып отыр. Дегенмен Кеңқияқтан жеткізілген бала туралы сұрағанымызда, Хатидже есімді сәби туралы айтып берді.

"Біз медициналық мекемеміз. Баланың ата-анасын, қалай түскенін қазбалап сұрамаймыз. Ең дұрысы, барлық мәліметті полициядан сұраңыз",- деді дәрігер.

Ақтөбе облыстық ІІД-і баспасөз қызметінің басшысы Ардагер Уайдиннің айтуынша, Хатидженің әкесі шетелге кеткен. Шешесі уақытша ұстау изоляторында отыр. Баланы "Үміт" сәбилер үйіне ювенальды полиция бөлімінің қызметкерлері жеткізгені рас - деген Ардагер Уайдин бұдан басқа ақпарат беруден бас тартты.

Полициядағы басқа бір дереккөздің мәліметінше, сәбидің анасына Қылмыстық Кодекстің 256 және 174 баптары бойынша айып тағылып отыр. Яғни, ол терроризмді насихаттағаны немесе терроризм актін жасауға жария түрде шақырғаны үшін қамалған. Бұған қоса әлеуметтiк, ұлттық, рулық, нәсiлдiк, тектік-топтық немесе дiни алауыздықты қоздырды деген күдік келтірілуде.

Керек. info тілшісі осы істің мән-жайын Темір ауданындағы мешіт имамынан сұрап көрген еді. Әлібек Төлеубай мұндай оқиғадан мүлдем хабарсыз екенін айтып, ат-тонын ала қашты.

"Бұл жайттан хабарсызбын. Естімедім де. Біз ешкімнің үйіне барып насихат айта алмаймыз. Сондықтан ол кісінің қандай ағымдағы адам екенін ешкім тап басып айта алмайды. Мешітке келмейтін адам. Барлық жайтты құзырлы органдардан сұраңыз", - деді имам.

Жақында қандыағаштық сегіз әйелдің Сирияға кетпек болғаны туралы хабарланған болатын. Сенімді ақпарат көзінің хабарлауынша, бұл әйел солардың бірі болуы да мүмкін. Алайда, Сирия аспақ болған сегіздік туралы ресми органдардан жауап алу әзірше мүмкін болмай тұр.

Қызықты оқиғалардан үнемі хабардар болғыңыз келе ме?
Біздің Telegram каналымызға жазылыңыздар!
Сіздің реакцияңыз
187
103
11
18
0
5
50
Спасибо за Ваше мнение Вы уже голосовали
Тағы да оқыңыздар
Пікір
Mailfire view pixel