RU

Ақтөбеде 25 жастағы жігіт сырқаты асқынған әпкесіне бауырын бөліп берді

38 жастағы әпкесіне 25 жастағы інісі бауырының жартысын берген. Күрделі операцияны жасауға Оңтүстік Кореядан профессор Вонг Ли мен республикалық трансплантология орталығынан профессор Жақсылық Досқалиев шақырылды.

Бұл туралы 24 арна хабарлайды.

Операцияның өту барысын медицина университетінің студенттері арнайы қондырылған экраннан көріп отыр. Болашақ хирург-мамандарға шеберлік сағатын ұйымдастырыпты. Мұндай күрделі операция облыста бұрын жасалған жоқ. Дәрігерлер ұзақ дайындалды.

"Операцияны басынан бастап қарап отырмыз. Білікті дәрігерлер жасалу әдістерін түсіндіріп, біздің сауалдарымызға жауап беріп жатыр. Ертеңгі күні дәл осындай операцияны біз де жасаймыз. Сондықтан бұл өте маңызды әрі жауапты іс. Бұдан былай науқастар ем-дом іздеп, шетел аспай, елімізде емделе алады", - дейді хируг-интерн Қайрат Сұлташев.

Операция үстелінде 38 жастағы әйел адам жатыр. 10 жыл бұрын бауыр циррозы диагнозы қойылып, сырқаты әбден асқынып кеткен. Оны аман алып қалудың бір жолы бауырын ауыстыру болды, - дейді дәрігерлер.

Сосын жедел түрде донор іздестіріле бастаған. Көп туыстарының бауыры сәйкес келмеген. 25 жастағы туған бауыры ғана донорлыққа жараған.

"Бүкіл әлемге әйгілі профессор Вонг Лиді шақырып, шеберлік сағатын өткізіп отырмыз. Бауыр ауыстыру операциясын орындап жатырмыз. 38 жастағы әйелге інісі келісімін беріп, бауырының бір бөлігін берді. Алдағы уақытта да осы транспланталогиялық орталықты Ақтөбеде дамыту үшін маңызды жұмыстар жасап жатырмыз", - дейді  облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Әсет Қалиев.

Операция жасаған дәрігерлер сырқаттың өміріне қауіп сейілгенше ешқандай ақпарат бере алмайды. Сырқат операциядан кейін дәрігерлік бақылауда болады. Жалпы өткен жылы облыс дәрігерлері 7 бүйрек ауыстыру операциясы жасалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1028989-aqtobede-25-zhastaghy-zhigit-syrqaty-asqyn.html