RU

Дін жолындағы қыз-келіншектер ер адамдар бар жерде жұмыс істеуден бас тартып отыр

Ақтөбе облысының Темір ауданында "діни ахуал өте күрделі" деген жалпылама сөз бұрын әр тұста айтылып қалатын. 27 қаңтар күні полицияның жылды қортындылаған жиынында алғаш рет Темірдегі ахуалға қатысты ресми деректер жария етілді.

Полицияның мәліметінше, осы ауданда тұратын 455 адам дәстүрлі емес дін жолында жүр деп хабарлайды Керек-инфо.

Былтыр Темір ауданының дін жолында жүрген бес тұрғыны шетел аспақ болған жерінен тоқтатылған. Бұл туралы жылды қортындылаған жиында Темір аудандық ІІБ бастығы, полиция подполковнигі Мұрат Бекетаев айтты.

"Аудан мешіттеріне былайғы күндері 100-110 адам барса, жұма күндері 450-460 кісі жиналады. Жалпы алғанда Темірде дін жолын 652 адам бар. Соның 455-і дәстүрлі емес ағымдардың жетегінде. Сонымен қатар 22 тұрғынды арнайы есепке алдық. Алайда, Шұбарқұдық, Шұбарши, Қенкияқта дәстүрлі емес дін өкілдерінде бетбұрушылық байқалады", - деді өзінің есебінде Мұрат Бекетаев.

Сонымен қатар, полицияны шекара асып, діни білім алғысы келетін азаматтардың жайы да алаңдатып отыр. Мысалы, 2014 жылы 11 азамат шекара асып кеткен. Ал былтыр Таяу Шығысқа барып, діни білім алмақ болған 5 азамат елге қайтарылыпты.

Полицияның есеп беру жиынына қатысқан Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев мұндай жағдайға мүлдем көңілі толмайтынын айтты. Дін жолында жүрген азаматтарды жұмыспен қамту, қоғамға етене араластыруды тапсырды.

Полиция подполковнигі Мұрат Бекетаевтың сөзіне қарағанда, дәстүрлі емес дін жолын ұстанатын азаматтар аудан әкімдігі ұсынған жұмыстарға барғылары келмейді.

Әсіресе, әйелдер жағы "ол мекемеде еркектер мүлдем болмауы керек" деп шарт қояды. Ал ерлер негізінен жеке кәсіппен айналысады. Яғни, жеке көліктерімен жолаушы тасып, мал өсіріп нәпақа тауып жүр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1029038-din-zholyndaghy-qyz-kelinshekter-er-adam.html