RU

Қытай компаниялары Қазақстандағы жекешелендіруге шыққан нысандарды сатып алмақшы

Қытай компаниялары Қазақстандағы жекешелендіруге шыққан нысандарды сатып алуға ниетті. Бұл жөнінде бүгін Қытай Халық Республикасының Қазақстандағы елшісі Чжан Ханьхуэй мәлімдеді.

Айтуынша, аспан асты елінің компаниялары сатылымға қойылған нысандарды зерттеуге біршама уақыт сұрап отыр деп хабарлайды Астана арнасы.

"Біздің кәсіпкерлер Қазақстандағы жекешелендіруге шықан нысандар жайында сұрастырып жатыр. Менің ойымша, қос тарап өзара келісіп, екі жаққа да тиімді шарттармен Қазақстан экономикасының гүлденуіне үлес қоса алады", - дейді  Қазақстандағы ҚХР елшісі Чжан Ханьхуэй.

Сондай-ақ, елші Қытай валютасының әлсіреуі Бейжің экономикасының экспансиясына әсер етпейді деп сендірді.

«Астана» арнасы тілшісінің сұрағына жауап берген ол, юаньнің құнсыздануы Қытай кәсіпкерлерінің Қазақстанға инвестиция салу жоспарларына кедергі келтірмейтінін айтты.

Еске салайық, Қытайдың орталық банкі бұған дейін ұлттық валютасын бірнеше рет девальвацияға ұшыратқан еді.

"Валютаның өсуі мен құлдырауы қалыпты процесс. Юань бағасының өзгеруі әлемдік экономикаға әсер етеді деп жатыр. Бұл да, меніңше, орынды. Өйткені Қытай экономикасы әлемдік экономикаға әсер ететіндей масштабқа жетті. Егер юань сәл құнсызданса, Қытай инвесторлары шет елдерге инвестиция салуға көптеп қызығады деп ойлаймын", - дейді  Қазақстандағы ҚХР  елшісі Чжан Ханьхуэй.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1029334-qytay-kompaniyalary-qazaqstandaghy-zhe.html