RU

Танысымен руға бола дауласып қалған тұрғын бесінші рет сотталып кетті

Алғада бұған дейін бірнеше мәрте түрмеде отырып шыққан азамат қайтадан аса ауыр қылмысқа барған. Сот оған бұл жолы 13 жылдық жаза кесті.

Бұл туралы Керек-инфо хабарлайды.

52 жастағы сотталушы Достығали Нұрқасымов Алға ауданына қарасты Күлтабан ауылында былтыр күзде өз танысымен бірге ішімдік ішеді. Отырыс барысында Нұрқасымов пен оның танысы арасында руға байланысты дау-дамай туындайды.

Дәл сол түні Нұрқасымов пен оның танысы үйден шығып, екі жаққа тарап кеткен. Алайда, артынша екеуі көшеде қайтадан жолығысып қалады. Нұрқасымов мас күйінде танысының шығу тегін сылтауратып, оған пышақ тығып алған. Зардап шегуші оқиға орнында қаза болды.

22 қаңтар күні сотталушы Нұрқасымов Қылмыстық кодекстің 99 бабының 1 бөлімі бойынша кінәлі деп танылып, оған 13 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Ол жазасын қатал режимдегі колонияда өтейді. Сот үкімі әлі заңды күшіне енген жоқ.

Қылмыстық істер жөніндегі Ақтөбе облыстық ауданаралық сотының баспасөз қызметі хабарлағандай, Нұрқасымов бұған дейін де бірнеше мәрте істі болған адам. Нақтырақ айтсақ, 1979 жылы, 1982 жылы, 1985 жылы, 1995 жылдары әр түрлі қылмыстар жасап, абақтыда отырып шыққан.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1029415-tanysymen-rugha-bola-daulasyp-qalghan-t.html