Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Қазақша сөйлейтін америкалықты қазақ тілінің болашағы толғандырады

Опубликовано:

Бұл мейірімді америкалық азамат Қазақстанға келген сайын, өзі айтпақшы кішігірім "жанжал" шығарғанды жақсы көреді. Ол мейрамханаға барса, қазақ тілінде жазылған мәзірді талап етеді. Ол егер болмай шықса, шетел азаматы даяшыны сөгіп, оның қазір Қазақстанда жүргенін есіне салады.

Уиллиам Фиерманның айтуынша, ағылшын азаматының қазақ тілінің мүддесін шын жүрегімен қорғауы мейрамхана қызметкерлерін қатты таңғалдырады және ол өзі осыдан ләззат алады деп хабарлайды Tengrinews.kz.

Уиллиам Индиана Университетінде профессор болып қызмет етеді. Ол қазақ тілін 90-жылдардың басында үйрене бастаған және бүгінге дейін жалғастырып келеді. Орталық Азия - саясаттанушы ретінде оның маманданған саласы. Ол ұзақ уақыт бойы Өзбекстандағы тіл саясатын зерттеумен айналысқан, бірақ ғылыми жұмыс үшін Қазақстандағы мемлекеттік тілдің жағдайы одан да қызығырақ екенін анықтаған.

 - Уиллиам, қазақ тілін үйренуге қанша уақытыңызды жұмсадыңыз?

- Біріншіден, мен қазақ тілін меңгеріп алдым деп айтпас едім. Яғни, тілді үйрену - өте қиын. Мен сөйлесе аламын, оқи аламын, бірақ менің білімім шектеулі. Тіпті туған тілім болса да, ағылшын тілінде мен сол тілде сөйлесе алмайтын тақырыптар бар. Мен кей жағдайларда қазақ тілінде сөйлей аламын, бірақ айталық, мал базары сынды жерлерге апарып тастаса менің тілім жетпейтін еді. Мен қазақ классиктерінің шығармаларын оқи алмаймын, себебі олар мен білетін формадан өзгеше. Мысалы, мен газетті қазақ тілінде оқимын, Қазақстанда жүргенде қазақ тілінде сөйлеймін, тіпті кейбір қысқаша баяндамаларымды қазақ тілінде жасаймын. Бірақ орыс тілін одан да жақсы білемін.

Мен ұзақ жылдар бойы өзбек тілімен айналысқаннан кейін қазақ тілін үйрене бастадым, оның үстіне өзбек пен қазақ тілдері ұқсас. Менің қазақ тіліне деген қызығушылығым 90-жылдардың басында оянды, сондықтан бұл тілді үйреніп жүргеніме шамамен 20 жыл болды деуге болады. Бірақ мен арнайы білім алған жоқпын, өздігімнен үйреніп, мәтіндерді алып сөздікпен бірге оқулықтарды оқи бастадым.

 - Сұхбаттарыңыздың бірінде еліміздегі қазақ тілін үйрету үрдісінің өзі аздап қызықсыз депсіз?

- Иә, меніңше солай. Балалары қазақстандық мектептерде оқитын достарым жетерлік. Әрине, білім беру мекемелерінің барлығына бірдей күйе жаға алмаймын, бірақ естуімше, тәртіп бойынша, қазақ тілі сабақтары қазақ тіліндегі ережелер мен сөйлемдерді жаттатумен шектеледі екен. Тіпті мынадай да жағдайлар бар, айталық, орта мектептердің бірінің түлегі грамматиканы біледі, яғни грамматикаға қатысты қандай да бір сұрақтарға жауап беріп, дұрыс жауапты таңдай алады, бірақ қарапайым сөйлемді айта алмайды. Менің ойымша, Қазақстанда өзекті мәселенің орнауы қазақ тілін үйрету әдістемесінің сөйлесуге емес, грамматика ережелерін жаттатуға бағытталуында болып отыр.

Мәселелердің тағы біреуі, менің ойымша білім беру проблемасымен байланысты - Қазақстанда мұғалімдердің жалақысы төмен, ал жүктеме зор. Ұстаздардың балаларға тілді үйретіп, қызықтыруға деген ынтасы төмен, оқулықтар жыл сайын өзгереді және менің достарымның айтуынша, сол оқулықтардың сапасы да төмен. Яғни бұған оқушылар қате айтса да айтсын, түсінсін деген мақсатпен қарау қажет.

Қазақстанда мынадай бір оғаш қылық бар, қазақ тілін үйреніп жүрген адамдарға ешқандай қате жіберуге болмайды деген, сол үшін де көпшілік сөйлеудің өзінен қорқады. Бірақ қате жібермейтін жалғыз ғана адам бар емес пе - олар үндемейтіндер.

Әрине, қазақша сөйлегенде мен де қате жіберемін, бірақ маған жеңілдіктер жасайды: "Америкадан келген. Сосын қазақша қатемен сөйлесе де, бәрібір қазақша сөйлейді ғой", - деп.

Бірақ менің орыс тілді қазақ достарым қазақ тілінде сөйлеуге қорқады, себебі олар қате жіберсе нағыз қазақтар: "Сен өз тіліңді білмейсің", - деп сынға алады. Сөйтіп ол адамдарда комплекс пайда болады, тіпті кейбірі: "Осындай жағдайлар үшін қазақша сөйлеуді мүлде қойдым", - деп ашығын айтады.

Менің ойымша, тілді білу құрметтің белгісі, бірақ қазақ тілінде сөйлету үшін қандай да бір түсіністік, тілді аса білмейтіндерге деген төзімділік болуы тиіс. Егер олар сөйлемейтін болса, ол өте зиян болады.

- Қазақстанда шетелдіктердің қазақ тілінде сөйлегенін ұнатады. Сіздің де басыңыздан түрлі оқиғалар өткен шығар. Сіз түсінбейді екен деп сіз туралы бірдеңе айтып, оларға қазақ тілінде жауап берген кездеріңіз болды ма?

- Ондай оқиға өте көп. Ол үнемі болады. Маған Марстан келгендей қарап, ол қазақша біледі дегеннен ләззат аламын. Ол өте қызық. Бұл менің Қазақстанға келуді жақсы көруімнің де бір себебі шығар. Өте жиі болады, дүкенге немесе мейрамханаға барғанда қазақ тілінде сөйлесем үнемі мынадай жауап аламын: "Кешіріңіз, мен өз тілімді білмеймін". Бірақ ол мүмкін емес. Туған тілің - адамның бала кезден сөйлеген тілі, өзге елге көшіп кетіп, ұмытуға болады. Бірақ маған оны қазақтар айтады, олардың туған тілі - орыс тілі. Ондай әр қадамнан кездеседі.

Кейде кішігірім "жанжал" шығарғанды жақсы көремін. Мейрамханаға кіріп: "Қазақша меню жоқ па?", - деймін. Олар: "жоқ", дейді. Ал мен оларға: "Біз қайда? Қазақстанда мемлекеттік тіл - қазақ тілі емес пе?" Сөйтіп, жанжал шығара бастаймын, ол жердегі реакция қызық. Кейде: иә, дұрыс айтасыз, бұл Қазақстан, солай болуы тиіс, бірақ әзірше жоқ", - деп жауап береді. Кейде әріптестерін шақырып: міне қараңыз, Америкадан келген шетелдік қазақша сөйлейді, тіпті қазақ тілінде мәзірдің жоқтығына наразы дейді. Мұндайлар өте жиі кездеседі.

Бірде кітап дүкеніне барып, қазақша кітаптарға қызығушылық таныта бастадым. Кейбір дүкендерде әлі күнге дейін қазақ тіліндегі кітаптар бір жерге жиналған. Мен сол жерге барып едім сатушы қыз: "Ол жерде тек қазақ тілінде", - деді. Оның айтқысы келгені ол жерге бармаңыз, бәрібір түсінбейсіз дегені. Бұл бұрын болатын, қазір ол сирек кездеседі.

Мені жиындарға шақырғанда қазақ тілінде сөз сөйлегенді жақсы көремін. Ондай шараларға дайындықпен барамын. Әрине, баяндаманы сауатты тілде өзім жаза алмаймын, мен мәтінді кәсіби аудармашыға беремін. Бірақ ол менің сөздерім, кейде аудармашымен кей жерлерін талқылаймын, сұраймын: қалай керек болса солай аудардыңыз ба? Яғни мен бәрін түсінемін. Бәлкім интонациямен сөйлейтін шығармын, бірақ адамдардың көңілінен шығамын, олар суретке түскенді ұнатады. Міне, ағылшын азаматы келді, қазақ тілінде сөз сөйледі, дейді. Маған қатты ұнайды, адамдар менің мұның барлығын қазақтарға деген құрмет үшін істейтінімді түсінеді. Бұл адамдар арасындағы байланыс.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/society/1029426-qazaqsha-soyleytin-amerikalyqty-qaza/

pixel