RU

Лукашенко белорустарға күндіз-түні арақ ішуге рұқсат берді

Беларусь президенті Александр Лукашенко белорустардың тәулік бойына арақ ішулеріне қарсы емес екенін білдірді. Бұл туралы БелТА ақпарына сілтеме жасаған ras.kz хабарлады.

Мемлекет басшысы мұны алкогольді кешкі және түнгі мезгілдерде сатуға тыйым салғаннан пайда жоқ екенімен түсіндірді. Өйткені, «кез келген тыйым салудың зияны көп».

Қазіргі күндері Беларусь мемлекетінде тіркеліп отырған қылмыстық оқиғалардың басым бөлігін адамдардың масаң халде жасайтындары белгілі болды. Соған қарамастан, мемлекет басшысы спиртті ішімдіктің ішілу мерзімін шектеу жөніндегі шараны қажет емес деп есептейді.

Ішкі істер министрлігінің 2015 жыл қорытындысын талқылауға арналған алқа мәжілісінде сөйлеген сөзінде Лукашенко мұның орнына қайда және нені, қай уақытта және қанша мезгілге тыйым салу керектігі жөнінде нақты жауаптың керек екенін алға тартты. Мұның бұдан басқа тағы қандай тиімді тәсілдері бар?

Осыны сөз еткен президент тыйым салудың бірінші кезекте көлеңкелі бизнестің адамдары үшін тиімді болып шығатынын сөз етті. Сосын оларды тауып, қолға түсіру үшін әлсін-әлсін жүргізіліп тұратын операцияларға қосымша шығындар шығарылады. Осының бәрі бюджеттің қалтасынан ұрады.

«Мен кез келген тыйым салу шарасының зиянды деген пікірдемін. Өздеріңізге белгілі, Ресейде де қылмыстың көбі алкогольді ішімдіктің қатысуымен жасалады. Ал бұл елде түнгі сағат 22-ден кейін арақ сатуға тыйым салынған. Бұған қоса, Ресей қоғамы жастары 21-ге жетпегендерге алкоголь сатуға тыйым салу мәселесін көтеріп жатыр. Атап айтқанда, сондай ұсыныс бұрынғы атақты хоккейші және спорт министрі, қазіргі сенатор Вячеслав Фетисовтен түсті. Осыған байланысты заң жобасы 2015 жылғы желтоқсанда мемлекеттік думаның қарауына тапсырылды. Енді соның тиімділігі қандай болады екен, біз әлі де күте тұрайық», – деді Александр Лукашенко жиында.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1029461-lukashenko-belorustargha-kundiz-tuni.html