RU

Алматы тұрғыны миллиардтаған қаржыға салынған жолда сырғанақ тепті

Алматы тұрғыны Виталий Клыпа Алматы-Қапшағай автобанының үстінде сырғанақ теуіп жүрген видеосын әлеуметтік желідегі жеке парақшасына жариялағаны сол екен, жұртшылық жаппай талқылап жатыр деп хабарлайды NUR.KZ порталы.

Мұзы Медеу айдынынан қалыспайтын жолды сынаған тұрғындар, «миллиардтаған қаржы желге ұшты» деп санайды.  Тіпті бірі мысқылдап, «Медеу мұз айдынын қымбатсынсаңдар Қапшағай трассасына барып тегін сырғанаңдар», десе, енді бірі «Жол емес көк мұз салып берген бе? жүргізушіге обал болды» деп сөгуде.

Көпшіліктің сынына ұшыраған бейнежазба жайлы автобанды салған «ҚазАвтоЖол» компаниясы да хабардар болып шықты.

«Видеоны бәріміз көрдік. Иә, бұл Қапшағай трассасы. Бірақ аталған аумақ әлі қолданысқа берілмеген. Яғни, құрылысы толық аяқталмаған. Мұқият қарасаңыз, көліктер басқа жолмен жүріп жатыр. Біз автобанның үстіне қар жауса болды құм төгіп тастаймыз. Ал, тұз себуге болмайды. Себебі, жаңа автобанға 2 жыл ішінде тұз себілсе, жолдың бедері бұзылып кетеді. Бейне жазбадағы аумақта көлік жүрілмейтіндіктен көк мұз болып тұр. Қолданбайтын жерге құм шашып керегі не?», - деді «ҚазАвтоЖол» компаниясының Алматы облыстық филиалы директорының орынбасары Қуаныш Ескендіров.

Басшының сөзінше, Алматы-Қапшағай жолында үлкен жылдамдықпен (120, 90 шақырым/ сағат) тек жазда жүруге рұқсат. Ал, қыс кезінде қауіпсіздік үшін жолда сағатына 50 шақырым жүруге рұқсат етілген деген белгі қойылса да, жүргізушілер жылдамдықты шектен тыс асырып, апатқа түсіп жатыр.

Естеріңізге сала кетсек, бірер күн бұрын, қар араласқан жаңбырда осы жолдың бойы көктайғаққа айналып, бірден 15 көлік апатқа ұшыраған еді. Тіпті, жолаушылар автобусы мен әскерилер мінген камаз жолдан шығып, аударылып қалды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1029500-almaty-turghyny-milliardtaghan-qarzhygh.html