RU

Тікұшақ апатында ажал құшқан ұшқыштың денесі Жамбылға жеткізілді

Санавиациялық тікұшақтың құлауы салдарынан ажал құшқан ұшқыштың денесі бүгін Жамбылға жеткізілді. 45 жастағы Виталий Кондратюктың артында әйелі мен екі баласы қалды, деп хабарлады КТК арнасы.

Кеше жолға шыққан туыстары, оның денесін бүгін таңда Байзақ ауданындағы үйіне әкелді. Марқұм кәсіби ұшқыш, мамандығын жанындай жақсы көрген деседі. Оның үлкен баласы да әке жолымен әуе кеңістігін бағындыруда. Ал, кенже ұлы қазір мектепте оқып жатыр.

Ұшқыштың мезгілсіз қазасы отбасын ғана емес, жора-жолдастары мен әріптестерінің де қабырғасын қайыстырды. Ертең жақындары Виталий Кондрактюкті соңғы сапарға шығарып салады.

"Ол екі баласын аяққа тұрғызды. Інісіне де жәрдем беріп, әке орнына әке болды. Бұл отбасында бірнеше ұшқыш бар. Бәрі мемлекетке қызмет етуде. Сондай адамнан айырылғанымызға жүрегім қан жылап тұр", - деді марқұмның көршісі Борис Кошелев.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1030181-tikushaq-apatynda-azhal-qushqan-ushqyshty.html