RU

Үндістандық бизнесмен ұлының үйлену тойына 18 мың жесір әйелді шақырды

Үндістанда тұратын Джитендра Пател атты бай бизнесмен ұлының үйлену тойына қонақты көптеп шақырды деп жазады 24.kz.

The Times of India хабарлауынша, олардың арасында 18 мың жесір әйел де болған.

Айта кету керек, XIX ғасырға дейін үнді жерінде жесір әйелдерді өртеп жіберу салты сақталды. «Сати» деп аталатын дәстүр бойынша күйеуі қайтыс болған әйел оған өмірінің соңына дейін берілгендігін дәлелдеу үшін өз-өздеріне қол салуы тиіс болған.

Бүгінде «сати» салты жойылса да, мұнда жесірлерге деген жұрттың көзқарасы түзеле қоймаған. Жұрт оларды тойға шақырмақ былай тұрсын, жөнді сөйлеспейтін көрінеді. Сондай-ақ олардың әшекей бұйым тағып, шаштарын өсіруіне болмайды. Жесірлер ақ түсті сари киюге міндетті.

Бизнесменнің айтуынша, өркениетті қоғам мұндай керітартпа пікірлерден аулақ болуы тиіс. Ол жас жұбайларға айналадағылардың барлығы теріс айналған тап осы әйелдердің бата беруін шын жүректен құп көрген.

«Жесірлердің бата беруін жаман ырымға жатқызу – адамның сол ырымға бүкіл санасымен беріліп сенуінен», дейді Пател.

Бизнесмен жесірлерді тойға шақырып ғана қоймай, оларды сый-сияпатқа бөледі. Ол ең кедей 500 әйелге бір-бір сауынды сиырдан берген. Қалғандарына жылы көрпе мен үйдің алдына егуге арналған ағаш шыбықтарын сыйлады.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1030235-undistandyq-biznesmen-ulynynh-uylenu.html