RU

Жамбыл облысында мұғалімнен таяқ жеген оқушы ауруханаға түсті

Жамбыл облысында оқыс оқиға орын алды. Мектеп оқушысына қол көтерді деген күдікке ілінген мұғалімге қатысты Қылмыстық кодекстің «Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау» бабы бойынша іс қозғалды.

Бұл туралы Астана арнасы хабарлайды.

Жаңатас қаласындағы Абылайхан орта мектебінің сегізінші сынып оқушысы аурухана төсегіне таңылған. Ата-ана бұған мұғалім кінәлі дейді. Ал мектеп ұжымы тәжірбиелі ұстаздың оғаш қылық көрсеткен жері жоқ дегенді алға тартуда.

«Тарих пәні мұғалімінен таяқ жедім» деген Дияс қазір қозғалудан қалған. Әжетке жарап қалған баланы әжетханаға апару үшін анасы осылай азаптанады. Диястың айтуынша, бұл оқиға 25 қаңтар күні соңғы сабақта болған.

"Қоңырау болды да, бас киімімді алып жатқанмын, біріміз киініп жатқанбыз. «Мен сендерге отырыңдар дедім ғой» деп, мені итеріп жіберді, столдың бұрышына барып тидім. Қатты итеріп жіберді ғой", - дейді Дияс Дәуренбаев.

"Ағайы итеріп, ұрып, құйымшағын сындырып жіберген. Өзі жүгіріп жүрген бала ғой. Жағдайы жатысы осы. Бір аяғын сілтіп басатын болады дейді.  Енді ол адамды кешіруге болмайды деп ойлаймын заң алдында", - деді  анасы Гүлжанар Әбдірәсілова.

Дегенмен, дәрігерлер Диястың денсаулығы жақсарып келе жатқанын айтады. Оған сегіз көзі сынған деген диагноз қойылыпты.

"Сегізкөздің жабық сынуы. Міндетті түрде жарақаттан болады ол. Өзінен өзі болмайды ғой ол. Операция жасалмайды, енді біз нақты анықтау үшін компьютерлік томография түсіруіміз керек", - деді  Сарысу аудандық орталық ауруханасы хирургия бөлімінің меңгерушісі Қайрат Әжібеков.

Мәселенің анық-қанығын білмек болып, Дияс оқитын мектепке бардық. Тарих пәнінің мұғалімі Ардақ Нұрмаханов, жан баласына жұдырық жұмсап көрмегенмін, дейді.

"Ешқандай ұрған да жоқпын, соққан да жоқпын. Шулап әр партадан әр партаға отырғаннан кейін мен соңғы партада бос тұрған орынға апарып, «осы жерге отыр» деп иығынан басқанмын. Сөйтті де, менің қолымды қағып жіберем деді де, артында тұрған партаға арқасын ұрды. Боқтады, сонда да өзімді ұстап отырдым, әрі қарай сабағымды өткізе бердім", - деді  «Абылай Хан» атындағы орта мектептің мұғалімі Ардақ Нұрмаханов.

Аудандық білім бөлімінің басшысы баланың сабақ үлгерімі мен тәртібі мәз емес екенін айтты.

"Сабақ өтуе мүмкіндік бермейтін әрекеттермен айналысып жүрген бала. Мектепте тәртібі төмен оқушылардың қатарында. Тарих пәнінің мұғалімі өзі биязы, сыпайы, оқушылармен қарым-қатынасы өте жақсы. Бұл уақытқа дейін теріс әрекетін біз көрген емеспіз", - дейді Сарысу ауданы әкімдігі білім бөлімінің басшысы Ілияс Баймағамбетов.

"ҚР ҚК 140 бабы, 2 бөліміменен қылмыстық іс қозғалып, бүгінгі таңда тергеу амалдары жүріп жатыр. Анау кінәлі, мынау кінәлі деп айта алмаймыз. Дияс Дәуренбаев бүгінгі таңда ІІБ-інде есепте тұр. Ол былтырғы қазан айында біреудің заңсыз автокөлігін мініп кеткен", - дейді  Сарысу аудандық ішкі істер бөлімі басшысының орынбасары Бақыт Жұмағұлов.

Мектеп мұғалімі бүгінде жұмысын істеп жүр. Ал іс сотқа жетіп ұстаздың кінәсі дәлелденсе, ол 300 айлық есептік көрсеткішке дейінгі мөлшерде айыппұл төлеуі мүмкін.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1030395-zhambyl-oblysynda-mughalimnen-tayaq-zheg.html