RU

Тоқтар Төлешовті ұстау үшін Астана мен Алматыдан жүздің үстінде арнайы жасақ сарбаздары шақыртылған

Бүкіл Шымкент үшінші күн – Тоқтар Төлешовті тұтқындау шарасын қызу талқылап жатыр деп хабарлайды КТК арнасы.

Өңірге белгілі кәсіпкер, сыра зауытының директорын ұстау үшін анау-мынау емес Астана мен Алматыдан жүздің үстінде арнайы жасақ сарбаздары шақыртылыпты.

Тәртіп сақшылары тіпті шытырман фильмдегідей көшелерді жауып, бизнесмен отырған қымбат қонақүйді қоршап тастаған. Мәліметтерге қарағанда, өзінің сыбайластарымен ұсталған Төлешовтен қару-жарақ, есірткі мен діни кітаптар тәркіленген. Дегенмен, елдегі ең қалталы азаматтардың бірі қандай күдікке ілінгені әлі айтылмай отыр.

Полицейлер оның баласын да күзетшілермен бірге үйінен алып кеткен.

"Тағы 2-3 күзетшісін алып кетті. Қолдарын майыстырып алып кетті. Тағы ештеңе білмейміз. Көшеден әзер өттік", - дейді Тоқтар Төлешовтің көршісі Мұхадір Қадыров.

Тоқтар Төлешов ұстала салысымен жұрт арнайы операция себебін түр-түрлі болжап жатыр. Бірі мейманханада қылмыс әлемінің серкелерімен жолығыпты десе, кейбірі мемлекеттік төңкеріс жасамақшы болған дейді.

Өзінің туған күнін ресейлік шоумендерге жүргізтіп, кіл шетелдік дөкейлермен ғана тойлайтын Тоқтар Төлешов туралы қарапайым жұрттың пікірі әрқалай. Оны тек кәсіпкер ғана емес қылмыс әлемінің мықты дейтіндер де, өнер жанашыры дейтіндер де бар. 13 баланың әкесі әр ұл-қызының туған күніне шетелдік әншілерді арнайы шақыртады.

Тіпті «Шымкент Пикчерс» киностудиясын ашып, Голливуд майталмандарымен бірге фильм түсірді. Жалпы Тоқтар Төлешовтің бас сұқпаған саласы кемде-кем. Ол Қазақстанды қойып, Ресей журналистері қауымдастығының мүшесі атанған. Діннің де жанашыры-мыс. Ал, қолына кісен салынған бойда кәсіпкер бірден Астанадағы абақтыға жеткізілген. Оны қазір Ішкі істер министрлігінің қызметкерлері тергеп жатыр.

Оңтүстіктегі ең беделді кәсіпкерге қандай айып тағылғанын және онымен бірге ұсталған 3 азаматтың жайы туралы Ішкі істер министрлігі тіс жармайды. Әзірше бірқатар сараптама тағайындалып, тергеу жүріп жатыр. Ендігі кезек Тоқтар Төлешовтің қорғаушыларында. Кәсіпкердің адвокаттары таяу күндері баспасөз конференциясын ұйымдастырамыз деп отыр.

Еске сала кетсек, сенбі күні белгілі бизнесмен 3 серігімен бірге мейманханада құрықталған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1031960-toqtar-toleshovti-ustau-ushin-astana.html