RU

Путиннің қыздары бүгінге дейін өз тектерін жасырып келген

Ресей президенті Владимир Путиннің үлкен қызы да сіңілісі сияқты әкесінің тегін қолданбайды. Қазір Мәскеуде тұратын ол 2011 жылы Мәскеу мемлекеттік университетінің фундаментальді медицина факультетін қызыл дипломмен тәмамдаған, - деп хабарлайды «Қамшы» порталы The New Times жүргізген зерттеулерге сілтеме жасап.

Басылымның жазуынша медицина маманы болғанымен аты-жөнін Мария Воронцева деп жаздырған ол қарапайым адамдарға ұқсамайтын өмір салтын ұстанатын көрінеді. Оның Еуропаға жиі саяхаттап тұратынын жазады The New Times.

Голландиялық кәсіпкерге тұрмысқа шыққан ол кейін аты-жөнін Мария Фаасен деп өзгерткен. Алайда, журналдың дереккөздері Мария бұған дейін де төрт түрлі фамилия иеленгенін айтады.

Журнал Мария Фаасонның тұратын үйі Мәскеудегі Новинский бульварында, АҚШ елшілігімен іргелес екенін айтады. Басылым сондай-ақ, ол арнайы «мегалка» орнатылған көлікпен жүретінін, телефонмен француз тілінде сөйлесетінін және өзін Мария Владимировна деп таныстыратынын да жазады.

Басылым бетінде Путиннің қызының курстастары ғаламторға жариялаған суреттер де жарияланған. 2008-2013 жылдары түсірілген  суреттерде Италия, Франция мен Испанияға саяхаттар көрсетіледі.  Басылым президенттің қызы құрбыларымен бірге  тәулігіне жалдау ақысы 35-45 мың еуро болатын Aria кемесімен сейіл құрғанын жазады. Сондай-ақ, оның Еуропаның басқа да елдеріне сапар шеккен суреттерін жариялайды.

Басылым зерттеуінде сонымен қатар, Мария Воронцева-Фаасеннің бір қызы бары және кандидаттық диссертация қорғағандығы айтылады. Тіпті, Германияда «Идиопатиялық ергежейлілік» тақырыбында монография жариялағанын, 2014 жылы өткен халықаралық ғылыми конференциялардың біріне «Германияның балаларға эндокринологиялық көмек көрсету тәжірибесі» тақырыбында ғылыми жұмыс ұсынғаны айтылады.

Алайда, шетелдік басылым Ресей басшысының қыздары туралы билік орындарынан ешқандай ресми мәлімет ала алмаған. Путиннің отбасы туралы ресми мәліметтерде оның тек қана 1985, 1986 жылдары туған Мария және Катерина есімді екі қызы бары ғана айтылады. Бірақ, ресейлік ақпарат құралдары бұған дейін Ресей президентінің кіші қызы туралы мәліметтерді тауып жариялаған болатын. Құжат бойынша Екатерина Тихонова аталатын ол ресейлік «Иннопрактика» компаниясын басқарады және Мәскеу мемлекеттік университетін дамыту жобасына қатысатынын жазған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1032243-putinninh-qyzdary-buginge-deyin-oz-tek.html