RU

Алматыда танымал болғысы келген оқушы 13 адамды газбен улаған

Ойыннан от шықты. Қаңтардың 30-ы күні Алматыдағы білім ошағының бірінде газ баллонынан 13 адам уланған деп хабарлайды Алматы арнасы.

Кінәлі деп танылған жасөсіпірім қазір психолог маманның қарауына алыныпты. Зардап шеккендер дер кезінде ауруханаға жеткізілген. Әзірге жағдайлары қалпына келіп, ауруханадан шыққан.

Түскі үзіліс кезінде болған жағдайды алғашында ешкім байқамайды. Тек әжетханадан шыққан балалардың мазасы қашып, шетінен есінен танады. Істің мән-жайын анықтай келе, 8 сынып оқушысының әрекеті белгілі болады. Демек ол сырттан тапқан газ баллонын әжетханада қолданылады.

«Газ баллонын шашқан оқушы біздің мектепте оқып жүргеніне көп болған жоқ. Мүмкін осы арқылы оқушылар арасында танымалдығын арттырғысы келген болар. Алайда бәрі керісінше болды. Қазір ол тәлімгермен мектептің психологы жұмыс істеп жатыр»,- деді №129 мектептің тәрбие ісі жөніндегі меңгерушісі Людмила Дорн.

Отызыншы қаңтар күні болған осы жағдайдан 13 адам зардап шеккен. Соның ішінде 11-і - жасөспірім, қалған екеуі - мектеп қызметкері. Бәрі дер кезінде ауруханаға жеткізіледі. Жағдайы ауыр бір науқас жан сақтау бөліміне жатқызылған. Әзірге бәрінің жағдайы жақсы. Емдеу мекемесінен шығарылып, үйлеріне жіберілген.

«Газ баллонының шашылғанына байланысты улану болды. Енді ары қарай да тексерілу жүргізіледі. Науқастар шыққаннан кейін емханада ары қарай қаралып, динамикалық бақылау арқасында, ол жасөспірімнің организміне қандай зияны бар, біраз уақыттан кейін ғана белгілі болады», - деді Алматы қаласы Денсаулық сақтау басқармасының бас хирургы Нұржан Исабеков.

Осы оқиғаға орай мектеп жетекшілері тәртіпті күшейтпек. Еске сала кетсек, бұл Алматыда газ баллоны қолданылған алғашқы оқыс оқиға емес. Бұған дейін мұндай жағдай Алатау ауданындағы мектепте тіркелген еді. Ол кезде 15 жастағы жеткіншек дене шынықтыру пәнінің алдында даладан тауып алған газ баллонын мектепте шашқанын мойындаған болатын. Ол тұста 21 оқушы уланған еді.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1032493-almatyda-tanymal-bolghysy-kelgen-oqush.html