Top.Mail.Ru

Сайт нұсқасы

ru kz

Зектілері

Жанат Бақыт: Әйел күйеуінен бір саты төмен тұруы керек

Опубликовано:

Отандық журналист Жанат Бақыт Pandaland.kz порталына берген сұхбатында отбасындағы ерлі-зайыптылардың қатынасы жайында сөз қозғады.

Журналистің пікірінше, әйел мен ердің құқығы ешқашан тең болмайды. Еркектің аты - еркек. Сол себепті әйел адам ерінен бір саты төмен тұруы керек.

"Елдің алдында «күйеуімнің қолынан түк келмейді, осыны адам қылған мен» деген әңгімелерді ешқашан айтпаған жөн. Тура сондай болған күннің өзінде де. Себебі мұндай әңгіме айтқан әйел елге жексұрын, ал оның күйеуі бейшараға айналады. Еркектің басын төрге де, көрге сүйрейтін әйел", - дейді Жанат Бақыт.

Тележүргізуші әңгімесінде сыйластық, отбасындағы тыныштық, ерлі-зайыптылар арасындағы үйлесімділік, бақыт және махаббат, бәрі-бәрі әйелдің қолында екенін меңзеп отырады.

"Ер адам ерте тұрғанда, әйел адам тырайып ешқашан ұйықтап жатпауы керек. «Таңғы ас-тәңірден» деп ата-бабамыз таңғы асын отбасымен ішкен", - дейді журналист.

"Еркектер неге басқа әйелдерге көз салады? Саған емес, боянған өзге әйелге неге сұқтана қарайды? Өйткені олар қашан көрсең әдемі, күтінген күйде жүреді?", - деп көптің көкейіндегі сұрақты дөп басады.

"Әрине, жан дүниең басқадан қарағанда мың есе бай шығар. Бірақ жан сұлулығына еркек атаулының түкіргені бар, ащы да болса шындық! Салпы етек, быттиып семірген әйелден олар шаршайды. Әрине сосын күйеуің тұра қашады", - деп түсіндірді түпкі ойын тележүргізуші.

Журналист мұндай мүшкіл халге жетпес үшін, келіншектерге өз кеңесін береді.

"Фитнеске жазыл. Ақырып-шақырып қадіріңді кетіргенше, «сенікі жөн» дей салсаң, еркек бала сияқты мәз болып, өзі-ақ қасыңнан шықпайтын болады. Ұрысса, үндемей құтыл, еркектер долы әйелдерді ұнатпайды", - дейді Жанат.

Оның айтуынша, әйел еркектің қабырғасынан жаралғанын қылықты қылығымен білдіруі тиіс. Ең бастысы әйелге әбден үйде отырып зерігіп, жаман ойға беріліп,  қызғаныштың жетегіне кетпес үшін – жұмыс істеген дұрыс.

"Жұмыс істесең, сенде биологиялық сағат қалыптасады. Мақсат пен ереже пайда болады. Уақытың тығыз болады, сол кезде көресің, уақытты ұтымды пайдалану үшін балаларыңа да, күйеуіңе де, үй шаруасына да үлгеретін боласың!", - деп ақылын айтты тележүргізуші.

"Сосын! Отбасыңа тамақты өзің пісіруің керек. Еркек адам әйелінің тағамын сүйсіне жейді ғой, ол асқа ең қымбат мейрамхананың да тағамы жетпейді. Міне, осылай! Есесіне, жүйкең тыныш болады", - деп түйіндеді сөзін журналист.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/showbiz/1032797-otandyq-zhurnalist-otbasyndaghy-ayeld/

pixel