RU

Ақтөбеліктер әкімдерінің өтірігін сахнаға шығып айтып берді

Бердібек Сапарбаев бүгін ертемен Шалқарға барып, аудан әкімінің баяндамасын тыңдады. Облыс әкімінің келетінін естіген аудан тұрғындары мәдениет үйін лық толтырды. Жеке сұрағы мен өтінішін айтқандар көп болды деп хабарлайды өңірден NUR.KZ тілшісі.

Ербол Данағұлов аудандағы медицинаның жетістіктерін тізбектеп оқып шықты. Халықтың денсаулығының жақсарғанын, медициналық қызмет сапасын артқанын айтты. Бірақ, көп мақтана алған жоқ. Себебі, көзбояушылықты тоқтатуды сұраған ауыл тұрғындарының бірі Сапарбаевтан араша сұрады.

«Әкімнің айтқаны жалған. Қызым ауылдағы медбикелердің жауапсыздығынан қаза тапты. Артында үш баласы жетім қалды» деген Шалқар ауданының тұрғыны әкімдерінің баяндамасын үзіп, аудандағы медицинаның былықтары жазылған хатты Сапарбаевқа ұсынды.

Облыс әкімі көрсеткішті салыстырмалы түрде сұраған кезде жағдай анау айтқандай болмай шықты. Бала өлімінің саны артқан. Ауданда 2014 жылы 10 бала, 2015 жылы 16 бала шетінеген.

Аудан әкімі соңғы 5 жылда 3 балабақша салғанын ауыз толтырып айтып берді. Айтуынша, балабақша кезегінде 300- ден аса бала тұр. Данағұлов бұл жерде де ескерту алды.

«Сандарды дұрыстап айтыңыз, мендегі есеп бойынша, Шалқар ауданында балабақша кезегінде 600 бала тұр», - деді Сапарбаев.

«Туған жерге тағзым» акциясымен 3 миллион теңге жиналды. Тағы жағдайы жақсы 290 түлек бар, солармен жұмыс жасаймыз», - деген көрсеткішін Ербол Данағұлов жерден жеті қоян тапқандай қылып айтты.

«Ақтөбеде қызметте жүргендердің әрбір бесіншісі Шалқардан шыққан адам. Алматы, Астана қалаларында да шалқарлықтар бар. Оларға «қайдан боласың?» десең Ақтөбеденмін демейді. «Шалқарлықпын» дейді. Міне, солармен жұмыс жасау керек, 290 адам ол аз. Бұл жай нәрсе емес мүмкіндігі бар адам туған жеріне көмектесу керек», - деген Бердібек Сапарбаев Данағұловтың әрекеті әлі мақтануға жете қоймағандығын айтып кетті.

Шалқарда ауыл шаруашылығы да жетісіп тұрған жоқ. Ауданда 80 тонна ет өндірілуге тиіс болса, Данағұлов оның 75 пайызын ғана орындаған.

"Біріншіден, жаңа Шалқар көлі жайлы айттың, сол Шалқар көлін жөндеу үшін, мұны мүмкіндігінше көбірек пайдалану үшін не істеу керек. Екінші, «Агробизнес-2020» бағдарламасы бойынша шаруашылықтар не істеп жатыр. Ол қанша шаруашылық? Қанша несие алды? Соның нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімі қаншалықты көбейді? Қанша жұмыс орыны ашылды? «Экспортқа шығаратын еттің жоспарын артығымен орындадық» дедіңіз. Маған берілген мәліметте олай емес, орындалғаны 75 пайыз. Сондықтан былай келісейік, есеп берген кезде, мәлімет берген кезде нақты мәліметтермен, былтырғы жылғы болған көрсеткіштермен салыстыру керек. Кемшілік болатын болса айту керек, осы кемшілікті келешекте біз қалай жөндейміз. Түсінікті ме?", - деп жетістігін айтып мақтана берген Данағұловқа облыс әкімі ескерту жасады.

Ерболдың есебінің бағасын халықтың өзі берді. Жаттанды сөздерге тұрғындар қанағаттанған жоқ. Облыс әкіміне Данағұловтың жұмысы нашар деген өтініштерін айтты.

Шалқарда шаруа шалқайып тұрған жоқ. Есепті кезеңде инвестиция жоспары орындалмаған. Бір-ақ жоба жүзеге асқан. Мал өнімдерін өңдеу нашар. Шағын және орта бизнес, суармалы жерлерді дамыту өрістемей отыр. Құрылыс салу мүлде төмен. Тұрғын үй кезегі үлкен. Ал балбақша кезегінде 600 бала тұр. Бұл тек қаладағы жағдай, ауылдарда балабақша жоқ. Шалқардан шыққан атақты адамдар көп. Бірақ туған жерге қарасуы мардымсыз. Былтырғы бөлінген қаржы игерілмей қалған. Ауданнан арыз-шағым көп түседі.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1032943-aqtobelikter-akimderininh-otirigin-s.html