RU

ШҚО-да азаматтық некедегі ерлі-зайыптылар жаңа туған нәрестесін көміп тастаған

ШҚО-ның Үржар ауданы Науалы ауылының 38 жастағы тұрғыны бір апта бұрын мерзімінен бұрын босанып, жаңа туған нәрестені азаматтық некедегі күйеуі екеуі көміп тастаған және тәртіп сақшыларын бала өлі туды деп алдамақ болған.

Бұл туралы yk-news.kz-ке сілтеме жасап Skifnews.kz хабарлайды.

Участкелік инспектордың сөзінше, күдікті әйел балалар үйінде от жағушы болып жұмыс істеген. Әріптестері ішін байқамас үшін белін қысып байлап жүріпті. Ал, баланың әкесі күдікті әйелден 11 жас кіші және отбасылы екен. Тасжүрек ата-ананың жаңа туған сәбиді жерге көміп жатқанын көршілері байқап қалып, ауыл әкімдігіне хабарлаған.

Енді сарапшылар баланы тірі немесе өлі туғанын анықтайтын болады. Белгілісі, сәби жеті айлық болып дүниеге келген. Күдіктілерге тағылатын айыптың көлемі де сараптама қорытындысына тәуелді болмақ.

Айта кететін жайт, бұл елімізде бірінші рет кездесіп отырған жайт емес. Осы уақытқа дейін Жамбыл облысында көлікте босанған жас ананың сәбиін өгей шешесі көліктің терезесінен лақтырып жіберген еді. Маңғыстау облысында картон қораптың ішінен өлі сәби табылса, Алматылық медбикелер 30 нәрестені сатып жібергендері үшін сотты болды.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1032979-shqo-da-azamattyq-nekedegi-erli-zayypt.html