RU

Оралда ашынған саудагерлер республикалық тас жолды жауып тастады

Оралда саудагерлер республикалық маңызы бар «Самара-Шымкент» тас жолын жауып тастады деп хабарлайды КТК арнасы.

Ауылдықтардан арзан бағамен ет алып, үстіне ақша қосып сататын олар бір жапырақ анықтаманың кесірінен осындай қадамға баруға мәжбүр. Өйткені маңайдағы елді-мекендерден ет арқалап келгендерді сол тілдей қағаз үшін базарға жолатпай қойған.

Бар пәле – мал дәрігерлерінен басталыпты. Алдындағы азын-аулақ малын сойып, оны көтерме бағамен қалаға әкеп сататын ауылдағы ағайыннан олар жаңа үлгідегі анықтама сұрап, базарға кіргізбей қойған. Мұндай талапты алғаш рет естіген ет әкелгендер де, алып-сатарлар да аң-таң.

"Жаңа үлгідегі  анықтамалар шығыпты дейді. Ал ауылдағыларда ол анықтама жоқ! Бермейді! Енді ауылдан ет алып келгендерді базарға кіргізбей жатыр", - дейді сатушы Марина Логашкина.

Бір жапырақ қағазға бола пайдадан қағылғандарына ашулы саудагерлер күре жол бойында бірнеше шақырымға жуық көлік кептелісін жасады. Тіпті, тәртіп сақшыларын да базаршыларды арынын баса алмай біраз әуре-сарсаңға түсті. Ақыры полицейлермен мәселе шешілмесін түсінген жергілікті билік іске өздері кірісті. Ашулы саудагерлерді сол әкімдіктен келген шенеуніктер ғана уәде беріп, сабасына түсірді.

Сөйтіп сатушылардың барлығы айқайға айналған анықтаманы бірінші рет қаланың бас мал дәрігерінің қолынан көрді. Мұны алу үшін тиісті орынға алдын ала арыз жазу қажет екен. Тілдей қағаз тегін берілуі тиіс. Ал прокурорлар жолды жауып, көлік қозғалысына кедергі келтіргендердің де жауапкершіліктен құтылмайтынын ескертіп кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1033707-oralda-ashynghan-saudagerler-respubli.html