RU

Талдықорғанда 13 жастағы туған қызын зорлап келген ер кісі сотта жазасын алды

Туған қызын зорлаған әке бас бостандығынан айырылды. Талдықорған қаласының 37 жастағы тұрғыны өмірінің 16 жылын енді қатаң режимдегі колонияда өткізеді деп хабарлайды zhetysutv.kz.

Азғын әке алғаш рет зорлық көрсеткенде қызы бар болғаны 13 жаста болған. Яғни, бұл жағдай 2012-ші жылдың жазында болған. Ішімдікке сылқия тойып алған мас әке үйінде өзімен бірге қалған қызының дәрменсіз күйін пайдаланып, етегін түрген. Осылайша, әйелі жұмыста болған уақыттарда жасөспіріммен жыныстық қатынасқа түсіп келген.

Егер бұл жағдай жөнінде біреуге тіс жарса, кішкентай сіңлісі екеуін өлтіретінін айтып, қорқытқан. Кейін бұл жағдайды қыздың анасы естіген. Балалары мен өзінің тағдырына алаңдаған ол үйден кетіп, күйеуімен бар қатынасын үзген.

Алайда, 2015-ші жылдың мамырында 1979 жылы туған айыпталушы Еркін Сәдуақасов мас күйінде бұрынғы әйелінің үйіне кіріп, ұрып-соғып, құнды заттарды алған. Айуан әке тарапынан тағы да зорлық-зомбылық болатынынан қорыққан қыз бала бірден полицияға шағымданған.

"Алматы облыстық қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соты 1979 жылы туған Талдықорған қаласының тұрғыны Сәдуақасов Еркін Хамитұлына қатысты үкім шығарды. Ол өзінің кәмелетке толмаған туған қызына жыныстық қатынас арқылы зорлық көрсеткені үшін 16 жылға бас бостандығынан айырылды. Жазасын қатаң режимдегі колонияда өтейтін болады", - дейді Талдықорған қалалық ІІБ бастығының орынбасары Арман Ердесов.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034040-taldyqorghanda-13-zhasar-tughan-qyzyn-zorl.html