RU

Депутаттықтан үміткер Қайрат Нұртас пен Головкин жақын күндері үгіт-насихатқа кірісті

Мәжілістен үміткер нұротандықтар тексеруден түгел өтті. Орталық сайлау комиссиясы Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура арқылы небары екі күннің ішінде 127 кандидат туралы жеке-жеке мәлімет жинап үлгерген. Сөйтіп, тізімді бекітіп берді. Сайлауалды науқанның егжей-тегжейін КТК арнасы баяндайды.

Яғни, билік партиясының атынан өтініш берген танымал үміткерлер - боксшы Геннадий Головкин, әнші Қайрат Нұртас пен Жанар Дұғалова да дауыс берушілермен кездесіп, үгіт-насихат жүргізуге дайындала беруіне болады. Сондай-ақ, бүгін «Ақ жол» париясы да Мәжіліс сайлауына қатысатын үміткерлердің тізімін жасап, Орталық сайлау комиссиясына тапсырды.

Мәжіліс сайлауына қатысатын партиялардың арасындағы үміткерлері ең көп «Нұр Отан» уақытты бос өткізбепті. Съезд күні-ақ кандидаттардың тізімін Орталық сайлау комиссиясына жіберген. Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратура да жылдам екен. Небары екі күннің ішінде 127 үміткердің өмірбаяны мен табысын тексеріп шығып, бірде бір заңбұзушылық таппапты. Сондықтан бүгін орталық «Нұр Отан» төрағасының орынбасарын шақырып, кандидаттардың сайлауға қатысуына рұқсат беретін куәліктерді табыстады.

Енді «Нұр Отанның» үміткерлері 20-шы ақпанда басталатын үгіт-насихат жұмыстарына қамдана берсе болады. Бірақ, бұл билік партиясының 127 мүшесі түгел депутат болады деген сөз емес. Кімге Мәжілістен жайлы орын бұйыратыны 20-шы наурызда өтетін сайлаудан соң шешіледі. Ал Асқар Мырзахметов қоғамда қызу талқыланып жатқан партияның жұлдызды кандидаттарына жеке тоқталды.

"Егер де Қайрат Нұртас өзінің концерттік бағдарламасына сәйкес бағдарламалары болатын болса, оны өткізуге құқығы бар. Бірақ, концерттің бағдарламасында сайлауға байланысты, «Нұр Отанға» дауыс беруге шақыру тыйым салынған", - деді «Нұр Отан» партиясы төрағасының бірінші орынбасары.

Үміткерлерінің тізімін бекіткен «Ақ жолдықтар» да мәжіліс мандатын алатындарына сенімді. Кәсіпкерлердің құқығын қорғаушы партия саяси додаға 35 кандидат қоспақ. Үміткерлердің қатарында өткен шақырылымның депутаттары – Меруерт Қазбекова, Алмас Тұртаев, Талғат Ерғалиев пен партияның төрағасы Азат Перуашевтің өзі бар.

"Біз нарықтық реформаларды жүргізіп, жеке меншік бизнесті қолдауымыз керек. Біздің үшінші бағатымыз - жемқорлыққа жол бермеу, жемқорлықты жою. Төртінші мәселе – демократиямызды дамыту", - деп бөлісті жоспарларымен бұған дейін де депутат болып үлгерген "Ақжол" партиясының төрағасы Азат Перуашев.

Сондай-ақ «Ақ жолдықтар» тұрғын үй құрылысы, ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп пен шенеуніктердің жұрт алдындағы жауапкершілігіне көңіл бөлмек.

Айта кету керек, бүгін «Ақ жол» да Орталық сайлау комиссиясына үміткерлердің тізімін тапсырды. Бұған дейін «Нұр Отаннан» өзге «Ауыл», «Коммунистер» партиясы да кандидаттарының аты-жөнін тексеруге жіберген еді. Енді ақпанның бесінде «Бірлік» партиясы съезд өткізбек.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034800-deputattyqtan-umitker-qayrat-nurtas.html