RU

Шымкенттің әкімі проблемасын жеткізген тұрғынға жаңалық ашпадың деп сөкті

Шымкент қаласы, Абай ауданының Ибраһим есімді тұрғыны мемлекеттік тіл – қазақ тілінің болашағына алаңдайды. Соның ішінде сауда орындары мен тойханалардың атауын орыс тілі былай тұрсын, ағылшыншалап жазып қоятын кәсіпкерлерге ашулы екенін айтып, қала әкімінің есебінде басшыға сауал қойды. Бұл туралы жергілікті Кorrespondent.kz басылымы хабарлады.

"Оңтүстік Қазақстан облысы - қазақ халқының нағыз өсіп-өніп отырған отаны. Сауда орындары, тойхана атаулары бұрын орыс тілінде жазылды деуші едік, қазір ағылшын тілінде жазылады. Соны жүйеге қою керек. Тойхана басшыларына айтарым, ол тойға Америкадан, не болмаса Қытайдан құдалар келмейді. Баратын өзіміз. Қай заманда өмір сүріп жатырмыз? Оған мән беретін облыс, қала әкімдерінен пайда бола ма? Бұған дейінгі әкімдердің ешқайсысы қимылдамады", - деді тұрғын.

Бұл сұраққа жауап берген қала әкімі заңда оған тыйым жоқ екенін алға тартты. Сондай-ақ, тұрғын "Самал" базарындағы тротуардың жоқтығы мен қоғамдық автобустардағы жүргізушілердің, кондукторлардың әдепсіздігі елдің ашуын туғызып отырғанын жасыра алмады.

"Автобустар жарысып айдайды. "Ұнамаса, таксимен жүр" деп жекиді. Өздері телефонмен сөйлесіп отырады. Соның салдарынан бір-бірімен жарысады. Әр аялдамалардағы уақыт белгілеп отыратын «секундомерлердің» жұмысын тоқтату керек. «Саған мынанша минут болды» деп кәдімгі жарыс ұйымдастыруға себепші болып отыр", - деді ол.

Алайда бұл проблемалардан хабардар болған әкім проблемасын айтқан шымкенттікке «Сіз бізге жаңалық айтқан жоқсыз, ол проблемалардан хабардармыз» деп кесіп айтты. Содан соң ол жақын арада қаладағы қоғамдық көліктерде мүлдем жаңа жүйе қолданысқа енетінін жеткізіп, елді сабырға шақырды.

2015 жылы атқарған жұмыстары туралы ел алдында есеп берген Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов алдағы уақытта қала халқының өмір сапасын жоғарлатуға барынша күш салатынын жеткізді. Осылайша қала басшысы жергілікті тұрғындарды өз сөзімен сендіргісі келді.

"Алда атқаратын жұмыстар көп. Өзімнен бастап қалада жұмыс істеп жатқан қызметкерлердің барлығы Елбасы тапсырмасын орындап, қала халқының өмір сапасын жоғарылату үшін адал қызмет істейді деп сендіргім келеді. Сол үшін мен сіздерге уәде де беремін", - деді қала басшысы.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034811-shymkenttinh-akimi-problemasyn-zhetkiz.html