RU

«Экспоның» шаруасын мандытпай, елге ақша тарта алмаған дипломаттар жаппай қысқаруы мүмкін

Қазақстандық дипломаттарды  жаппай қысқарту мен ауыс-түйістер күтіп тұр. Нұрсұлтан Назарбаев шетелдегі жүзден астам  елшіні түгел жинап, Сыртқы істер министрлігінде жиын өткізді деп хабарлайды КТК арнасы.

Бұл жолғы басқосуға барлығының күпті көңілмен келгені анық. Өйткені елбасы жыл соңында  дипломаттардың жұмысына көңілі толмайтынын ашық айтып, біраз сынаған болатын.  Ал сыртқы саясатқа жауапты ведомствоның отырысы негізінен  жабық есік жағдайында өтті.

Шетелдегі елшілердің жиыны Ақордада емес, бас кеңселерінде өтті. Ал Есілдің сол жағалауындағы саяси өмірден алыстап кеткен ықпалды атқамінерлер басқосуға енді дипломат ретінде қатысып жатыр. Мәселен, көптен көлеңкеде жүрген Хорватиядағы елші Аслан Мусин, Грузиядан қызмет тапқан Ермұхамбет Ертісбаев, бұрынғы Ішкі істер министрі қазір Латвия, Литвамен араны жалғаушы дәнекер Бауыржан Мұхамеджановтың бұл біраздан бергі төбе көрсетуі.

Әрине, отырып талқылайтын күрделі мәселе өте көп. Әлемдегі тұрақсыз геосаяси жағдай, державалар арасындағы қақтығыс, экономикалық дағдарыс етек-жеңді жинауды талап етеді. Оның үстіне ресми Астана бір-бірімен қырғи-қабақ елдерді жауластыруды емес, татуластыруды қалайды. Мұндай байсалды ұстаным алдағы уақытта та сақталмақ.

"Заманның беталысы бізге басқа талаптар қойып отыр. Сондықтан дипломатиялық қызмет жұмысын өсіру түсудің, жақсарта түсудің барлығымыз үшін маңызы өте зор", - деді Назарбаев.

Осы сөзден кейін тілшілер әрі қарай жиынға қатыстырылған жоқ. Президенттің есікті жауып алып бөлек сөйлесуіне қарағанда, құпия тақырыптар талқыланғанға ұқсайды. Оның үстіне, елбасы елшілердің жұмысын жақтыртпай, талай сынға алғаны есте. Тіпті жат жердегі өкілдіктердің санын қысқартатынын айтқан.

"Біз дүниежүзінің саясатын анықтайтын держава емеспіз. Қайда барсаң да  елшілердің немен айналысып жүргені белгісіз. Өз істерін білмейді. Экономикадан да хабары жоқ", - деді президент қарашада өткен жиында.

Сондықтан таяқтың ұшы жалғыз Сыртқы Істер министрі Ерлан Ыдырысовқа емес, оның қарамағындағыларға да қаттырақ тигені анық. Енді «Экспоның» шаруасын мандыта алмай, елге ақша тарта алмаған дипломаттар жаппай қысқартуға ұшырап қызметсіз қалуы мүмкін.

Елдестірмек елшіден. Бір анығы Қазақстан көпвекторлық саясатын өзгертпейді. Алдымен Ресей, АҚШ, Қытай секілді алпауыттармен бірге, Еуропалық Одақпен алыс-берісін жандандыра бермек. Ал бірнеше сағат бойы, құнды кеңестер тыңдаған лауазымды дипломаттар Елбасының талап еткен тапсырмаларын жүзеге асыру үшін шетелдегі жұмыс орындарына дереу ұшып кетті.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034885-eksponynh-sharuasyn-mandytpay-elge.html