RU

Шымкентте қызметкерін сабап тастаған кәсіпкер сотталып кетті

Шымкентте қарамағындағы жұмысшылардың мойнына қарыз іліп, оны жұдырық көмегімен өндіріп келген киім-кешек дүкендерінің иесі сотталды.

Бақытбек Нұрманов пен көмекшісі Мақсат Мәдиев енді 7 жыл бостандық көрмейді деп хабарлайды КТК арнасы.

Кәсіпкердің қатыгездігі былтыр мамырда әшкереленіп, жұрттың жағасын ұстатқан болатын. Нұрманов өзіне тиесілі «Дефиле» дүкендердің бірінде әкімші болып істейтін Тахир Тахтақожаевты ұрғызып, тіпті зорламақ болған екен. Артынша бастық пен оның көмекшісінен жәбір көрген тағы 4 қызметкер шағымданды.

Әу баста 4 бап бойынша тергеу жүргенімен сот барысында «адам ұрлау» және «тонау» деген екі бап қана қалыпты. Ал үкімді тыңдауға тек сотталушылардың туыстары келді. Жәбірленген бесеу мен олардың қорғаушылары мүлдем жоқ. Жазаны естігенде Нұрманов пен Мәдиев те, тіпті туыстары да селт етпеді.

"Қысқарған баптар 389 баптың 3-ші бөлігі және 126 баптың 2 бөлігімен жәбірленушілермен сотталушылар келген залалды қалпына келтіруіне байланысты және олардың татуласып, сотталушылардың кешірілуіне байланысты қысқартылды. Ал, мына сотталып отырған екі бап екеуі де ауыр бапқа жатады. Олар кешірілгенімен бірақ олар қысқартылуға жатпайтын баптар", - дейді Әл-Фараби аудандық сотының судьясы Шара Бисембиева.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034891-shymkentte-qyzmetkerin-sabap-tastagha.html