RU

Қырғызстанда бесік той мен туған күн атап өтуге тыйым салынбақ

Қырғызстан парламенті тойларға келетін қонақтардың санына шектеу қою туралы заң жобасын жасап шығарды. Құжатқа сәйкес, бесікке салу мен туған күн мерекелерін той жасап, атап өтуге тыйым салынған деп хабарлайды 31 арна.

Тұсау кесер мен сүндет тойға 100 адамнан артық, ал үйлену тойына 150 адамнан артық мейман шақыруға болмайды. Заң жобасы қазіргі кезде қоғамдық талқылауға шығарылған.

Қырғызстанның Жогорку кенеші жергілікті халықты тойларға деген ысырапшылықтан тиылуға үндеді. Халық қалаулылары 300, 500, 1000 адам шақырып, қымбат кортеж жалдап, еденіне мәрмәр төселіп, іші алтынмен жалатылған мейрамханаларда қуанышты кең құлаш мерекелеуді шектеуді сұрайды.

Ал, Қырғызстанмен көрші, рухы бір қазақ жұрты тойды қазына көреді. Жаңа заманға сай икемделудің орнына, дарақыланып бара жатқаны көп адамды қынжылтпайды.

Есірткі заттарын сақтап, таратты, қылмыстық топты қаржыландырды деген қос айыппен 2 ай мерзімге қамауға алынған Тоқтар Төлешовтің отбасылық тойларының бірі бүгін ғаламторға шықты. Онда шымкенттік кәсіпкер кіші қызының туылған күнін "Властелин колец" кітабының желісі бойынша, Голливудтық стильде дүркірете атап өткенін көруге болады.

Әзірге, Қырғызстандағы заң - жоба деңгейінде. Қырғыз халқының да қандай шешім қабылдайтыны белгісіз. Бірақ, жазылған заң болмаса да, жазылмаған заң арқылы тойлардың реформа тілеп тұрғаны сөзсіз дүние.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034896-qyrghyzstanda-besik-toy-men-tughan-kun.html