RU

Алматы облысында тікұшақ апатынан қаза тапқан дәрігерлер мемлекеттік марапатқа ұсынылады

Алматы облысында тікұшақ апатынан қаза болған дәрігер-гематолог Бақытгүл Қайсанова мен фельдшер Гүлнұр Хамитова облыстық денсаулық сақтау басқармасы тарапынан мемлекеттік марапатқа ұсынылатын болды.

Сондай-ақ қаза болған медицина қызметкерлерінің жанұяларын баспанамен қамту жағы қарастырылып жатыр деп хабарлайды 31 арна.

Ұсыныс облыс әкімі Амандық Баталовқа жолданды. Әкімдік қолдаған жағдайда етжақындары баспаналы болады. Себебі, 25 жылдан астам еңбек етіп, облыс бойынша балалардың жалғыз дәрігер-гематологы болып қызмет атқарған  марқұм Бақытгүл Қайсанова мен  фельдшер Гүлнұр Хамитова да жалдамалы пәтерде тұрып келген.

Қиын сәтте өзгенің өмірі үшін күресіп, өздері құрбан болған ақ халаттылардың әріптестері де олардың туыстарына қол ұшын созуда.

"Баспанамен қамту  немесе қаржылай қолдау көрсету жағы қарастырылатын болады.Ең бастысы облыс басшысы бастамамызды қолдап отыр. Жалпы қайғылы жағдайға байланысты облыстағы медицина саласының қызметкерлері 2 әріптесімізге 4 миллион теңге көлемінде қаржылай қолдау көрсетті", - дейді  Алматы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Асхан Байдуәлиев.

 

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034945-almaty-oblysynda-tikushaq-apatynan-qa.html