RU

Елімізде байлығын жасырған дәулетті адамдар жазаланатын болды

Байлығын жария етуге жасқанған немесе шетелге асырған ауқаттыларға тықыр таянды. Себебі мүлікті заңдастыруға рұқсат беріп, рақымшылық жасаудың артында жазалау шарасы тұр деп хабарлайды 31 арна.

Әрине, науқанға қатыспаған, табысын жасырғандар үшін. Шетел асқан қаржыны елге қайтарудың түрлі жолдарын іздеген билік, заңдастыру науқаны аяқтала салысымен жалпыға бірдей декларацияны енгізбек.

Бекен Төлеужанұлы 17 жылдан бері жеке табыс декларациясын тапсырып жүрген мемлекеттік қызметкер. Салық саласының маманы өзгелерді де осыған үндейді. Ал 2017 жылдан бастап енетін жалпыға бірдей декларация мүлікті жасырып қалуға мүмкіндік бермейді. Туыстардың атына жазылған дүние мүлікті өз атына тіркеуге жыл соңына дейін уақыт берген арнайы заң шетелдегі қаржыны жариялауға да көп жеңілдік жасапты.

"Жария етілген мүлік болашақта қылмыстық жағдайға тартылғанда, әкімшілік жауапқа тартылғанда және тәртіптік жауапкершілікке тартылса жария етілген мүлік адамды жазалау шарасы ретінде негізге алынбайды. Сондықтан соттың үкімімен бұл тәркілеуге жатпайды", - дейді Алматы қалалық Мемлекеттік кірістер департаментінің бөлім басшысы Бекен Нұрахметов.

Ал дүние мүлікті жасырып қалсаңыз, тіпті шетелде жатқан қаржыңыз бен байлығыңызды табу заң орындары үшін еш қиындық тудырмайды екен. Себебі Қазақстан Страсбург конвенциясына мүше ел. Әуелі айыппұл салынса, кейіннен тәркіленуі мүмкін. Сондықтан ауқаттылар мүлкін жариялап, дүниесін заңдастыруға асығуда.

2015 жылғы заңдастыру науқанында Алматы қаласы бойынша 808 миллион теңгенің мүлкі жарияланған. Ал тағы бір жылға созылған заңдастырудың алғашқы айында бұл көрсеткіш 42 есеге артып, 34 миллиард теңгеге жетіпті. Десе де саясаткер Әміржан Қосанов "бай-бағландардың билікке сенімі артса, жария болатын қаржы көлемі орасан болар еді" деген пікірде. Ал декларацияны жалпылауға халық дайын емес дейді.

"Салық төлеуден қашып жүрген байлар өздерінің мүлкін төмен дәрежелі туыстарына, таныстарына жазып қоюы мүмкін. Осылай салықтан қашуы мүмкін. Бұл тұрғыдан алғанда жалпыға бірдей декларация сатылап, біртіндеп қоғамға енуі керек. Бірақ ол үшін елдің де әл-ауқаты, дәулеті, табысы өсу керек", - дейді саясаткер Әміржан Қосанов.

Мамандардың айтуынша, 2017 жылдан басталатын жалпыға бірдей декларацияның енгізілуі кезең кезеңімен жүзеге асады. Әуелі мемлекеттік қызметкерлер табыс декларациясын тапсыруға міндеттелсе, артынша бюджеттік сала мамандары заңға бағынуы тиіс. Содан кейін қарапайым халық жыл сайын табыс декларациясын өткізеді. Алайда жалпыға бірдей декларацияның нақты тетіктері белгіленбеген.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1034950-elimizde-baylyghyn-zhariya-etuge-zhasqan.html