RU

Ақтөбеде тапаншамен атылған полицейдің өлімін дәрігерлер құпия ұстауда (фото)

Ақтөбелік дəрігерлер оқ тиіп өлген полицияның өлімін құпия күйінде қалдырып отыр.  Бас дəрігерге ІІД-нен қаза болған полиция қызметкерінің ауруханаға қандай жағдайда жеткізілгенін айтпау туралы хабар түскен.

Облыстық ІІД тек қайғылы жағдайдың болғанын ғана растап отыр деп хабарлайды NUR.KZ тілшісі.

"3 ақпан күні таңғы сағат 8 шамасында полиция қызметкері қару тапсыру бөлмесінде абайсызда өзін жарақаттап алды. Алған жарақатының нəтижесінде əріптесіміз қайтыс болды", - дейді ІІД баспасөз хатшысының жетекшісі Ардагер Уайдин.

Полицейдің  қандай жағдайда абайсыздыққа душар болғаны, дəрігерлер көмегіне қай уақытта жүгінгені туралы ешқандай ақпарат берілмей отыр.

Талғат Байəділов жедел жəрдем ауруханасында көз жұмған.

"Қаза тапқан полиция қызметкері біздің ауруханаға жеткізілгені рас. Бірақ ІІД тергеу аяқталғанға дейін қандай да бір ақпараттың таратылмау керектігін айтқан болатын. Сондықтан біз ештеңе айта алмаймыз", - дейді жедел жəрдем ауруханасының бас дəрігері Рақымжан Арыстан.

Арыстарынан айырылған азаматтың отбасы есеңгіреп отыр. 8 жыл тəжірибесі бар адамның  тапаншадан абайсыз атылып қалғанына туыстары күмəнмен қарайды.

"Талғат азамат жігіт. Жұмысына адал, өз ойын, көзқарасын еркін айта алатын адам. Арнайы тексеруге ешқандай кедергі келтіріп жатқан жоқпыз. Бірақ, жүрегіміз езіліп тұр. Ол 8 жылдан бері құқық қорғау орындарында істеп келеді. Мен білетін инструкцияда қаруды сегізінші жылы ғана ұстатпайды.  Ол əскерге барған, əскери саланың мықты құрылымында борышын өтеген еді. Сержант болып келіп, офицерлікті алғанынан аңғаруға болады. Күмəн қашан да болады", - дейді  марқұмның бауыры Ерлан.

Аға лейтенант Талғат Байəділовтың артында үш баласы қалды. Үлкені 10 жастан асты. Кішісі 2 жасқа енді толған.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035163-aqtobede-tapanshamen-atylghan-policey.html