RU

Жезқазған тұрғыны қоқыстан бензин өндіріп отыр

Жезқазған қаласының Серік Дүйсенұлы есімді тұрғыны қоқыстан жанармай шығаруда, - деп жазады «Подробности» газетіне сілтеме жасаған Қамшы порталы.

Басылым өнертапқыштың қоқыстан бензин шығаратын құрылғыны да метал сынықтарынан құрастырып алғанын жазады. Өнертапқыштың өзі бұл құрылғының атмосфераға токсинді қалдықтар шығармай жұмыс істейтінін айтқан.

Серік Дүйсенұлының құрылғысының бар құпиясы мынау көрінеді: пешке қолға түскен барлық қоқысты, қағаздан бастап тұрмыстық қатты қалдықтарға дейін тастайсыз. Ал, олар жанып болғанда құрылғыдан қалаған жанармайды (мазут, дизель отыны, бензин, газ) құйып аласыз.

«Бұл идея бірнше жыл бұрын пайда болды. Шашылып жатқан қоқысты көргенде оларды қалай кәдеге жаратуға болатынын ойлай бастадым», - дейді Серік Дүйсенұлы.

Бірнеше жылға созылған тәжірибелердің нәтижесінде осы агрегатты құрастырып шыққан. Өнертапқыш бұл құрылғысы үшін бар болғаны 50 мың теңге шығындағанын айтады.

Аталған құрылғы туралы естіген аймақтағы кәсіпорынбасшылары Серік Дүйсенұлына жиналып қалған қоқыстарын бере бастаған. Тіпті, Атырау, Ақмола сияқты бірнеше облыстардан шақыру түскен. Көкшетаулықтар Серікке жергілікті жылу электр стансасы үшін жылына 500 мың тонна мазут шығаратын агрегат құрастыруға ұсыныс жасаған.

Егер, жезқазғандық өнертапқыштың ойлап тапқан құрылғысы кең қолданысқа енсе,экологиялық мәселелер де біршама шешіліп қалар еді.

«Резиналы-техникалық бұйымдардың бір тоннасын ашық күйде өртегенде атмосфераға 270 келі күйе, 460 келіге тең улы газ бөлінеді. Ал, менің құрылғым соның бәрін түтін шығармай өңдеп береді», - дейді ол.

Құрылғы толық қуатында жұмыс істегенде 470-500 градусқа дейін қызады екен. Қосылғаннан соң 20 минуттан кейін өнімін бере бастайды. 8 келі пластик қалдықтардан 50-70 грамм пайдалы отын бөліп шығарады.

Сонымен қатар, ол агрегат шығарған газды қайтадан құрылғыға айдап, электр генераторын жұмыс істетуге, сол арқылы автономды электр стансасын жасауға болатынын айтады.

Алайда, өнертапқыштың өзі бұл бастамасына мемлекеттік мекемелердің немқұрайлы қарап отырғанына қынжылады.

«Менің бар мақсатым Қазақстанды қоқыстан тазалау еді. Осы құрылғыны таныстырып, Жезқазғанның да, көрші Сәтбаев қаласының да әкімдігінде болдым. Одан еш нәтиже шықпады. Ондағылар 2014-2050 жылдары қала маңындағы қатты қалдықтар полигонын модернизациялау үшін республикалық бюджеттен 128 миллиард теңге бөлінгенін, қоқыстан солай арылатындарын айтады. Мұнша ақшаны желге ұшырғанша, қоқыс өңдейтін құрылғы құрастырған жеңіл емес пе?», - дейді Дүйсенұл.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035191-zhezqazghan-turghyny-qoqystan-benzin.html