RU

Қарағанды облысында 8 жасар бала ашық құдыққа құлап, мерт болды

колодец
Фото: UGC

Қарағанды облысы Кенгір ауылында 23 қаңтар күні қайғылы жағдай орын алды. 8 Жасар Даниил Прохоров ашық жатқан құдыққа құлап кетіп, суға тұншығып, көз жұмды деп хабарлайды NUR.KZ порталы podrobnosty.kz-ке сілтеме жасап.

Сабақтан кейін үйіне келіп, құдықтан анасына су алуға көмектескен балақай ары қарай құрдастарымен ойнауға кетеді. Ойнап жүріп қар арасында ашық жатқан құдықты аңдамай қалған Даниил оған құлап түсіп, көмекке шақырады.

Балалар шуылдап, үлкендерді көмекке шақырып, оны шығарып алу үшін арқан іздеуге кіріседі. Алайда құдықтың терең болғаны соншалық, оны ересектер де алып шыға алмай, құтқарушылар шақыртады. Анасы мен әжесі құдықты айналшықтап, баласына еш көмек көрсете алмаған.

Құтқарушылар түнгі онға дейін құдықтың суын сорып, баланы алып шыққанда, жеткіншекті құтқаруға тым кеш болған.

Жеткіншектің әжесі Людмила Хохлова мен тәтесі Екатерина Ақылбекова бұл құдық бұрынғы балалар бақшасының төңірегінде орналасқан деп топшылап отыр. Қараусыз қаңырап жатқан мекендегі құдықты жабу керектігінен әкімдік те, жергілікті ПИК те хабардар болған дейді тұрғындар.

Олардың айтуынша, ауылда ашық құдықтарға өткен жылы екі бала құлап, абырой болғанда аман қалған. Бұған құдықтың терең болмауы септік болған.

25 қаңтарда құдықты жауып тастады. Ал 26 қаңтарда Даниилдің фотосын қолына ұстаған Екатерина Ақылбекова Кенгір ауылы әкімінің есептік кездесуіне келіп, кінәлілерді жазалауды талап етті. Бұл іспен прокуратура және ІІБ айналысып жатыр.

Мақаланың түпнұсқасы: https://kaz.nur.kz/1035213-qaraghandy-oblysynda-8-zhasar-bala-ashyq-q.html